«Коронавирус – жалған идеялардың жаназасын шығарды»: Мұхтар Тайжан ірі компанияларды «отбасылық жем-астауға» теңеді

21 марш, 12:17
0 1
Мәнсіз бюджет бағдарламаларын, сондай-ақ, салық жеңілдіктерін, қажетсіз субсидияларды аямай құрту қажет, бұлар да – мемлекет қаржысын жеке қалтаға салудың қитұртқы амалдары. Бюждет қаржысын жалмаудың жылдар бойы қалыптасқан бұл жүйесін де, еш жалтақсыз және аяусыз, күйрету керек болады.

Мұнай бағасының таяу арада көтеріле қоймайтынын айтқан қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан ірі компанияларды тарату керек деп, тас-түйін бекініп отыр. Оның ойынша, ол жерлерде бай-бағландардың үрім-бұтақтары жұмыс істейтін көрінеді. Сондықтан Мұхтар Тайжан елімізге аты белгілі компанияларды "отбасылық жем-астауға теңеді", деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл жайлы ол Facebook парақшасында жазып, бюджетті қатаң бақылаудың бірнеше жолын "жіпке тізді".

"Мұнай құны таяу арада көтерілмейді. Сондықтан, қалай болғанда да, бюджетті қатаң секвестрлеу керек болады. Және бұл істі, мүмкіндігінше, тезірек бастау қажет. Аталған процеске Есеп комитетін, сондай-ақ, тәуелсіз экономистерді тарту керек, өз басым, атсалысуға әзірмін.

1. Бірінші кезекте квазимемсектор - Самұрық-Қазына, Бәйтерек, ҚазАгроны еш жалтақсыз тарату керек. Бұл жерге «еш жалтақсыз» дегенді неге қосып тұрмын!? Өйткені бұл компанияларда депутаттар мен үлкен шенеуніктердің балалары, немерелері жұмыс жасайды, «отбасылық жем-астау» десе де болады. Сондықтан, бұл процесті осы компаниялармен байланысы жоқ адамдар ғана жүзеге асыра алады.

2. Самұрық-Қазынаның (ҚМГ, ҚТЖ, Қазатомөндірісі сықылды) табиғи еншілес-монополияларын, Бәйтеректің (Қазақстаннның даму банкісі сықылды) еншілес компанияларын үкіметке тікелей бағындыру керек. Бұлардың жұмысын тиісті министрліктер (Энергетика министрлігі, АШМ, т.с.с) бақылауы тиіс. Ал олардың кіріс-табыстары, із-түзсіз жойылып кететін бас холдингтерге емес, бюджетке тікелей құйылуы керек.

3. Мәнсіз бюджет бағдарламаларын, сондай-ақ, салық жеңілдіктерін, қажетсіз субсидияларды аямай құрту қажет, бұлар да – мемлекет қаржысын жеке қалтаға салудың қитұртқы амалдары. Бюждет қаржысын жалмаудың жылдар бойы қалыптасқан бұл жүйесін де, еш жалтақсыз және аяусыз, күйрету керек болады.

4. Жер реформасын тездетіп өткізу қажет. Пайдаланбай тұрған жерлерді босатып, мал ұстап, өз күнін өзі көруі үшін жергілікті ауыл тұрғындарына таратып беру керек. Әлдебіреу «екі сиыр» идеясына қарсы ма екен? Бұл жерде көп мәселе латифундистердің мүддесіне келіп тіреледі.

5. Еуразиялық Экономикалық Одақтан шығу не, ең болмаса, оған мүше болуды тоқтата тұру туралы мәселе көтеру қажет. Халық бұл идеяны қызу қолдайды. Мұнсыз экономикалық даму деген болмайды, бұл – отандық өндірушілер және ұлттық валюта үшін өмір мен өлім мәселесі. Коронавирус - жаһандану, интеграция сынды жалған идеялардың жаназасын шығарды", - деп ел экономикалық, қаржылық ахуалына немқұрайлы қарамайтындығын байқатты. 

 Субцидиялауды "мемлекет қаржысын жеке қалтаға басудың қитұрқы амалдары" деген Мұхтар Тайжан мұнымен тоқтап қалмады. 

Мәселен, "Дағдарыс жағдайында бәрі – сөзсіз ұлттық мемлекеттерге айналып шыға келді. Ең әуелгі іс-қадамдар осы. Осыларды қолға алуға, Үкімет шешімді қаншалықты ертерек қабылдаса, өздері үшін де, халық үшін де соншалықты жақсы болады. Айтпақшы, онда құрылған Реформалар және модернизация орталығы не болып жатыр екен?", - деп көпшілікті ойлантарлық сұрақ қойды.