Елбасы халықты Наурыз мейрамымен құттықтады

21 марш, 10:24
0 1

Қазақстанның тұңғыш президенті - елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықты Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Саясаткерлердің алдында сөйлеген Назарбаев аяқ астынан сөзін бөлді

"Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Біз осы жарқын мейрамды әрдайым асыға күтеміз. Бұл – тіршілік атаулы жанданып, жер-дүние жаңаратын кезең", - деді елбасы.

 

Назарбаев биыл Наурызды бірінші рет мерекелік жиындар мен салтанатты іс-шараларсыз атап өтілетініне назар аударды.

"Оның өзіндік себебі бар. Бүкіл дүниеге тараған вирус қаупіне тап болдық. Бірақ көктемнің келуі мен мерекелік көңіл-күйге бөленуге ештеңе кедергі бола алмайды. Біз біртұтас халықпыз және елімізді өркендету жолында жұмыла жұмыс істеуге дайынбыз. Еліміздің алдында тұрған барлық сынақтардан ауызбірлік пен табандылықтың арқасында сүрінбей өтетінімізге сенімдімін", - деді тұңғыш президент.

"Ұлтты ұйыстырған дәстүрлі мерекеміз баршаның үмітін ақтап, жаңа белестерді бағындыру үшін күш-қуат пен қажымас қайрат әкелсін. Осынау шуақты мейрамда әрбір шаңырақ шаттық пен игілікке толсын. Баршаңызға ырыс-ынтымақ, денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!", - деп қорытындылады Нұрсұлтан Назарбаев.