Қарияның қасиетке толы тағдыры

23 ақпан, 11:12
1005

«Алаш айнасы» порталындағы «Алаяқтарға сеніп далада қала жаздадым» атты хатты оқып, мен де өз басымнан кешіп отырған қиын жайт туралы жазғым келді. Бұл дүниеде адамдарға өзіңдей көріп сену кейде басыңа пәле болып тиетініне көзім жетіп отыр. Жоғарыдағы мақала кейіпкерінен менің халім әлдеқайда мүшкіл.

 

...Жанымда күйеуім, үш балам барда біз өте бақытты отбасы едік. Ол күндер түу алыста қалды. Күйеуім қайтыс болған, ал ұлдарым бір-бір әйелдің жетегінде кете барды. Күйеуім тірі күнінде балаларымның бәрі келіп тұратын. Ал менің обыр ауруына ұшырағанымды білгенде, ұлдарым емделуге көмектеспек былай тұрсын, менімен араласудан бас тартты. Келіндерімнің «Бұл &ndash бәрібір жазылмайтын ауру. Бәрібір өледі. Оны емдейміз деп ақша шашып несіне әуре боламыз?» деген күбір-сыбырларына Алла Тағала ерегескендей, сырқатқа мені жеңдіре қоймады.

 

Жанымдағы ендігі жалғыз серігім қызым Риза еді, оның да өмірі әкесінің өлімінен соң ырың-жырыңға ұласып кетті. Оның азаматтық некедегі күйеуі Серік жол апатынан қаза болып, ойламаған жерден басына қара бұлт үйірілді. Риза мен Серік некеге әне-міне отырамыз деп, құжат рәсімдеуге құнт қоймай жүргенде, Ризаның аяғы ауыр болып үлгерген. Серіктің әке-шешесі болса ұлдары өлгеннен кейін Ризаны керек қылмады. «Балаңның бізге керегі жоқ, өз баламыз өлді, алдыртып таста!» - деп кесіп айтты олар. Бірақ Риза олардың сөздерін құлағына ілмеді.

 

Бала туған соң бір жыл бойы Риза үкімет берген жәрдемақыны талғажау етті. Одан соң күнкөріс жолын табу керек болды.

 

Қиындыққа ұшыраған адамға ақыл айтқыштар табыла кетеді ғой, таныстарының бірі Ризаға Қытайға баруға кеңес беріпті. Риза бірден ірі сомаға несие рәсімдеп, ол ақшаны Қытайға кетіп бара жатқан саудагер танысының қолына ұстата берген. Бірақ әлгі саудагер сол кеткеннен Ризаға қайтып қарасын да көрсетпеді. Несие алғанда Риза пәтерімізді кепілдікке қойған болатын, сондықтан банк біздің үйімізді тартып алмақшы болып, қайта-қайта қорқыта берді. Үйді өзіміз сатқан тиімді болар деген оймен біз оны сатуға хабарландыру бердік. Сайтан бір азғырса болмайды екен, банк 70 мың долларға бағалаған пәтеріміз ақыры маклерлердің алдау-арбауымен 50 мың долларға төмендеп қалды. Ол ақша да қолымызға тиген жоқ. Себебі үйдің жаңа иесі банктен алған қарызымызды төлеп, бізге қалған 10 мың долларды ғана беретінін айтты. Алайда ол қаражаттың өзін Алла бізге бұйыртпайын деп тұр екен: Риза үйдің жаңа қожайынымен кикілжіңге келіп қалып, әлгі адам оның үстінен полицияға арыз жазып, полициямен екі арада жүргенде әлгі ақшаның қай жерде, қалай қолды болғанын Риза білмей де қалды. Ал 5 мың долларды адвокатқа беріпті, алайда ол адвокаттан бізге ешбір пайда болмады.

 

Мен жасы ұлғайған адаммын, сондықтан андай-мындай істерге араласа бермеймін. Бірақ басымыздан өткен істерді бажайлап қарасам, қызымды шынымен де бір сайтан азғырғандай екен. Әйтпесе несие алып сауда жасамай-ақ, еден жуса да бір жұмыс істеп күн көруге болатын еді ғой. Пәтер сатқанның өзінде неліктен оның құнын осыншама төмендетті? Кім мәжбүрледі сонша? Адвокатқа 5 мың доллар беретіндей, тағы осынша ақшаны жолда жоғалта салатындай не болды қызыма? Осы ойлар түнімен мазалап, ұйқы бермей жүрді. Бұл ойлар Ризаның да түбіне жетіп тынды.

 

Бір күні біреу түртіп кеткендей болып, ұйқымнан шошып ояндым. Дәлізге шықсам, о, құдай, қызым асылып тұр! Бақытым ба, әлде сорым ба, ол әйтеуір тірі екен. Дереу дәрігер шақыртып едім, оны бірден жындыханаға алып кетті. Екі күнде сонда ұстап, үйге жіберді. Келген соң да Риза тыныш ұйықтай алмады. Түнімен көзіне бірдеңелер елестеп, атып түрегеліп, айғайлап, жаман ауырды. Бала күнінде Ризаның биіктен құлап есінен танғаны бар еді. Оның үстіне, ондаған жыл бұрын көшеде бұзақылар соққыға жыққан. Шамасы, осының бәрі текке кетпеген болар.

 

Қызым өз-өзіне келе алмағандықтан, оны жындыханаға қайта жатқызуға тура келді. Қазір оның баласы менің қолымда. Аз ғана зейнетақым немеремді асырауға әрең жетеді. Ол ел қатарлы балабақшаға бара алмайды. Жаңа ойыншық дегеннің де не екенін білмейді.

 

Кейде бізге жаны ашыған көрші-қолаң «Немереңізге беріңізші», - деп, кәмпитін, жеміс-жидегін беріп жатады.

 

Жындыханаға бір түскен адамның жазылғанын өз басым көрген емеспін. Сол себепті де қызымның қайта адам қатарына қосылып, баласын өз күшімен ер жеткізетініне сене алмаймын.

 

Біз үйді әлі күнге дейін босатпай отырғандықтан, жаңа қожайын біздің сотқа беріп, дау-дамай оның пайдасына шешілген. Үйді сату кезінде банктің пайдасына «жоғалтқан» қаражатымызды қайтару туралы талабымыз әлдеқашан сәтсіздікке ұшыраған белгілі. Адвокат адамгершілігі, ар-ұяты бар адам болса, бәлкім, мұндай болмас па еді?!

 

Енді әне-міне сот орындаушыларыны келіп қала ма деп есік-терезеге құлақ түрумен отырмыз. Бізді қыс ортасында қайда қуып шығады? Мені қойшы, төрінен көрі жуық адаммын. Шешесі жындыханада жатқан немеремнің күні не болмақ? Көзім тірісінде балалар үйіне өткізуге де қия алмай, артыма қарайлаумен отырмын. Өмір дегенің осы екен-ау...

 

 

 

Мағира Жақыпова, Алматы

alashainasy.kz