Күйеуімді төсекте мүлдем қаламаймын...

21 қараша, 13:45
0 1

Құрметті, "Алаш айнасы" оқырмандары, әпкелер, жеңгелер,  менің отбасымда мынадай проблема бар, ақыл қосыңыздаршы! Менің отбасым сырттан қараған адамға өте үлгілі болып та көрінетін шығар. бірақ "әр отбасы өзінше бақытты, өзінше бақытсыз" деген де сөз бар ғой. Әсіресе қазақ отбасыларында ер мен әйелдің ортасындағы жақындық тіпті талқыланбайтын тақырып. дегенмен мен бүгін өзімді біраз жылдан бері мазалап жүрген мәселені ортаға салмақпын. 


Мен тұрмыс құрғалы 6 жылдан асты. Шыны керек,  күйеуіме ғашық боп, сүйіп күйіп қосылған жоқпын. Ол мені ұнатты, сөз салды, жақсы жігіт болған соң келісімімді бердім. Ол ішпейді, шекпейді, қыздармен қыдырмайды, тұрақты жұмысы бар, жұмысында да достарының арасында да абыройлы жан. Бірақ ол маған еш уақытта еркек ретінде ұнаған емес. былай айтқанда ол маған жақсы қараған кездерде мен оған тек бауыр басып кеттім, бірақ оны жігіт ретінде сүймедім... Төсекте мүлдем оны қаламаймын. Тіпті көшеде көрген басқа әдемі жігіттерді ойлап жатқан кездерім болды күйеуіммен төсекте болғанда.

Күйеуім тез ашуланады, бірдеңе болса ұрсып салады. бірақ артынан жұмсарып кешірім сұрайды. ешқашан мені боқтап, немесе ұрып көрген емес.
Ол  тыриған арық  немесе  семіз,  ұсқыны жоқ жігіт емес, қайта көп қыздарға ол ұнауы мүмкін, тек мен оны сүйе алмадым...Баламыз дүниеге келген соң оның бар махаббаты балаға ауды. Мені де жақсы көрді, бірақ бұрынғыдай асты-үстіме түсіп күтпейді.  


Жақында басқа қалаға әке-шешеме барып келуге сұрандым, қыдырып келуге. Бір жағынан күйеуімсіз жеке жүрсем оны сағынамын ба, әлде мүлде сағынбаймын ба, соны да білгім келді. Қазір әке-шешемнің қасындамын. Күйеуіме еш қайтқым жоқ. тіпті оған қайтқым келмейтінін, ажырасқым келетінін айттым. Ал ол болса, "егер қателік менен болса нені болса да түзеймін отбасымды сақтау үшін" деп зыр жүгіріп жүр. Баламызға қарасам ол әкесін жақсы көреді, әкесі баласы десе жанын беруге дайын, мені де жақсы көреді, бірақ мен ол адамды жүрегім қаламайды. Мамама айтсам, "әлі кеш емес жассың, өміріңді қор қылма өзің ұнатпайтын адаммен өткізіп, ажырассаң ажырас" дейді....
күнде жылаймын, не істеуге ақыл бересіздер?


Кімнің басында осындай жағдай болды, жақсы көрмейтін еркекпен тұратындар бар ма? осындай некені сақтаудың қажеті бар ма?