Коронавирус жұқтырған азаматпен Шымкентке бірге келгендер табылды

26 марш, 16:43
0 1

20 наурызда Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытындағы автобусқа коронавирус жұқтырған азаматпен бірге мінген 56 жолаушының жеке тұлғасы анықталды, деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

 

"18 наурыздан бастап Алматы және Қызылорда бағытындағы шекаралық аймақтарға коронавирус инфекциясына байланысты тәулік бойы жұмыс істейтін "Сауран" және "Шақпақ"блок бекеттері қойылды. Қазір Шымкент – Нұр-Сұлтан бағытындағы kz 646 FNB 13 нөмірлі автобуспен коронавирус жұқтырған азаматпен бірге келген 56 адамның нақты дерегі анықталып отыр. Көліктегі жолаушылар туралы толық ақпаратты Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы "Шақпақ" бекетінің қызметкерлері 20 наурызда жазып алған", - делінген ақпаратта.

 

Автобуста болған азаматтың барлығы оқшауланды. Сонымен қатар облыста коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданаралық тұрақты бағыттардағы рейстер саны 50%-ке қысқартылды. Адам көп жиналатын төрт автовокзал жұмысын тоқтатты: Ленгір қаласындағы "Тау жұлдызы", Жібек жолы елді мекеніндегі "Дархан", Түркістан қаласындағы "Түркістан орталық", "Яссы" автовокзалы.

 

Кентау қаласындағы "Транзитсервис", Арыс қаласындағы "Арыс", Сарыағаш ауданы Жібек жолы елді мекеніндегі "Сайран Жібек жолы", Сарыағаш қаласындағы "Сарыағаш", "Сау Бол", Отырар ауданы Шәуілдір елді мекеніндегі "Нәлібек", Жетісай қаласындағы "Жаз", Түркістан қаласындағы "Мерей", "Алтынорда" автобекетінің қызметі карантин режимі аяқталғанша уақытша тоқтатылды.

 

Айта кетейік, 20 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкент қаласына келген 24 жастағы азаматтан коронавирус инфекциясы анықталған болатын.

 

Қазір елімізде вирус жұқтырғандар саны 97 адамға жетіп отыр. Нұр-Сұлтанда – 55, Алматыда – 34, Қарағандыда – 2, Шымкентте – 2, Алматы облысында – 1, Ақтөбе облысында – 1, Жамбыл облысында – 1, Солтүстік Қазақстанда – 1 адам.

 

16 наурыздан бастап Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. Ал 19 наурыздан астана мен Алматы карантинге жабылды.

 

 

Sputnik