"Бір ай бойы той-томалақсыз не істейміз?": Елдегі төтенше жағдайды әншілер қалай қабылдады?

17 марш, 10:48
0 1

Күні кеше президентіміз елімізде төтенше жағдай жарияланған еді. Бүгіннен бастап қоғамдық орындар жабылып, адам көп жиналатын іс-шаралардың өтуіне рұқсат жоқ. Концерттер мен гастрольдік сапарлары жоспарланып қойған әншілер бұл жаңалықты қалай қабылдады? Stan.kz тілшісі бірқатар әншілер мен блогерлердің реакциясын назарларыңызға ұсынады. 

"Мен үнемі қолымды сабындап жуатынмын, бірақ осыншалықты емес. Соңғы күндері қоғамдық орындарға баруды қойдым. Сіңлімді анам үйден шығармайды. Дүрлігу біздің қанымызда бар. Дүрлігу сынды жаман қасиет анамнан дарыған. Дәл осының кесірінен екі апта бұрын азық-түліктің бәрін сатып алып қойдық. Ал сіздің күнделікті өміріңізде не өзгерді? Үйде отыруға дайынсыз ба? Дүкеннен не сатып алдыңыз? Дүкенге бардыңыз ба өзі?", - деген Айсәуле Бақытбек алдағы уақытта дүкенен не сатып алғанын жеке пост етіп жазуға уәде берді. 

 

"Бәрі жақсы болады" - деп ән шырқайтын Бүркіт бұл жолы да өз позициясынан таймады. Қандай індет болса да, позитивті жағын ойлауға шақырыды әнші. 

"Бәрі жақсы болады! Бұның бәрі уақытша! 1 ай демалайық. Әйелдерге жақсы болды, бала-шағаңа қашан уақыт бөледі екенсің деп ұрысып жүрген күйеулері үйде отыратын болды енді. Көппен көрген Ұлы той! Аллаһ сақтасын!", - дейді әнші Бүркіт. 

Ал Жазира Байырбекова ойын-сауық орындарын жапқаны үшін билікті кінәламау керек дейді. 

"Кинотеарларды жапқаны үшін, той жасауға тыйым салғаны үшін, ойын-сауықтарды тоқтатқаны үшін билікке өкпелеу орынсыз деп санаймын. Бәріміз тәртіпке бағынып, осы індетті жоюға атсалысайық. Әрине, күнделікті тамағын күнде тауып жүрген жандарға бұл оқиға оңай соқпайтыны рас. Бірақ, мұның бәрі халықтың амандығы үшін жасалып жатқанын түсінейік. Барлық ауыртпалық артта қалып, той тойлайтын күнге де жетеміз, Аллам қаласа", - дейді Жазира Байырбекова. 

Қоғамдық жағдайлар мен елдегі өзгерістерге өз ойын белсенді білдіріп жүрген танымал жураналист-блогер Өркен Кенжебек те бұл оқиғаға өз ойын жазды.

"Содан әр ел әртүрлі деңгейдегі төтенше жағдай жариялай бастады. Чехия 30 адамнан артық бас жиналатын басқосулардың бәрін тыйым салса, АҚШ 1000 адамнан көп жиналуға шек қойды. Израиль қай елден келсең де 14 күндік карантинге тығып жатса, қалғаны тек ауру өршіген елден келгендерді ғана тексеріп жатыр, біз секілді. Көрдіңіз ғой, әр ел хал-қадірінше қорғанып жатыр. Әлі бұған қарсы дәрі жоқ. Басты мақсат - індеттің тез тарап, көп адамды жалмауына себеп бермеу. Сол үшін де Сіз бен Біздің қауіпсіздігіміз үшін ертеңгі таңнан 15 сәуірдің азанына дейін елде шектеу енгізілді ғой. Университтер онлайн оқытуға көшеді, мектептер демалысқа шығады, олар 5 сәуірден соң, бәлкім, онлайн оқытуға ауысар. Балабақшаларға шектеу жоқ, бірақ Білім және ғылым министрлігі лажы болса балаңызды үйде ұстаңыз депті. Мұндай кезде ойын-сауықтан тыйылып, кітап оқып, білім жинап, өз-өзіңе есеп берген абзал-ау. Адамзат баласы оба, сүзек, безгек, қантышқақ секілді талай індеттен де аман қалды ғой. Аман шығармыз бұдан да, әмин", - дейді Өркен Кенжебек. 

Баян Мақсатқызының басшылығындағы "Кешьюлік" қыздар Иран мен Италиядағы жағдайды көріп, оқып-біліп, олардың қайғылы тәжірибесінен дұрыс сабақ алуға шақырады.

"Бүгін мемлекет басшысы елде төтенше жағдай енгізу туралы шешім қабылдады. Алғаш естігенде абдырап қалғанымыз жасырын емес. "1 ай бойы той-томалақ, концерт, жиынсыз не істейміз?" деген сұрақтың сумаң еткені де рас. Бірақ өзімізді сәл сабырға шақырып, асықпай, саралап көрсек, өмір мен денсаулық деп аталатын басты құндылықтарды сақтап қалу үшін 30 күн ойыннан бас тарту - аса үлкен құрбандық емес сияқты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ) кеңестерін орындап, осы бір сынақтан төрт көзіміз аман өтейік! Сабыр сақтайық, тәртіпке бағынайық, бастысы, жақындарымызды індеттен қорғап қалайық", - дейді топтың қыздары.