Қорлаушы емес, қорғаушы болуларыңызды күндіз-күні құдайдан тілейміз

08 мүмкін, 09:06
0 1

 Эх, азаматтар…

Мереке құтты болсын! Қорлаушы емес, қорғаушы болуларыңызды күндіз-күні құдайдан тілейтін төмен етектілер атынан жазып отырмын.

Иә, сіздерді бір саты жоғары қойған. Бірақ біз сіздерге қызмет етсін деп емес. Әйтпесе сана-сезімсіз, тек қызмет ететін құлды беруге құдіреті жетеді ғой. Құл тек құдайда болу керек, сіздерде емес...

Иә, сіздерді мықтырақ қып жаратқан. Бірақ күшін бізге көрсету үшін емес. Дінін, тілін, жерін, елін жау мен жұттан қорғасын деп берген күшті бізге жұмсамаңыздар. Аманатқа қиянат қой.

Иә, сіздердің қақыларыңыз артығырақ. Сондықтан жауапкершілік те сіздерде көбірек болу керек еді...

Сіздер бізді ұрғанда жұдырықтың салмағынан, тепкінің екпінінен жыламаймыз, серігіміз деп таңдаған жалғызымыздың жалмауызға айналғанына өкініп, өзегіміз өртенеді. Етектеріңізден ұстап, жетектеріңізге ергенде өзіміз бен ұрпағымыздың тағдырын сіздерге аманат еттік қой. Сол аманаттың айнасын қатты сөздеріңіз бен темірдей жұдырықтарыңыз шытынатпаса екен. Қыз деген халық гүл ғой. Аяласаң жұпарын шашады, аямасаң тікенегін ашады. Керісінше емес.

Біздің өмірімізде, құдайдың алдында азамат болып қалыңыздар. Алла разы болсын!

Перизат Мырзахмет

 perizatmyrzakhmet  инста-парақшасынан