Перизат Мырзахмет:"«Талай ғасыр тәуелсіздікті аңсаған» ата-бабамыз мұндай сорлы буынды армандамағаны айдан анық"

04 мүмкін, 10:31
0 1

Е, Алла, бұл елге иман мен білім байлығын бере гөр!

Мына бір ғана сұрақ және шынайы жауап біздің елдің қанша ғасыр сасып, іріп жатқан жарасының аузын ашып берді ғой. Сауатсыздық, білімсіздік, надандықты аңқаулық, аңғалдық, мәрттік деп теріс айналдырып, жалаңсөзге семірген желбуаз ел екенімізге мөр қойып берді ғой, ойбай.

Қазаққа бір түйір жаны ашымайтын жүйенің жемісі. Аждаһаның аузындай жалмап үйренген жемқорлықтың нәтижесі. «Жұрт мақтаса болды» деген тәрбиенің салдары. Бұл буын не ісіне, не сөзіне жауап бере алмайды. Мүгедек буын.

Білімсіздіктің түбі – ор, жар, шыңырау құз. Құлайсың да кетесің. Жылайсың да қаласың. Он адамды алдарсың, жүз адамды арбарсың, мың адамның аузын аңқайтарсың. Жаратушыны алдай алмассың. Өзіңнің он екі мүшең өзіңе қарсы тұрып, куә болғанда көрерсің көрешегіңді.

Сатып алған диплом – білім емес, сатып алған атақ – абырой емес. Абылай бабамыз:
Білекке сенген заманда
Ешкімге есе бермедік.
Білімге сенген заманда
Қапы қалып жүрмелік, - депті-мыс. Кетті ғой есеміз де, есебіміз де.

«Талай ғасыр тәуелсіздікті аңсаған» ата-бабамыз мұндай сорлы буынды армандамағаны айдан анық. Бір-бірін алдап-арбайтын, бір-бірін теспей соратын, бір-бірін орға жығатын ұрпақ туарын білгенде мына кең байтақты өртеп кетер еді ғой олар...