Иманигүл:"Сыныптың чатында не сыйлаймыз деген қызу талқы бітер емес"

04 марш, 08:09
0 1

Былтыр Ақтауда жылдың қақ ортасында балаларды жаңа мектепке ауыстырдым. 8 наурыз жақындағанда жаңа мектебіміздің есігінде мынадай мазмұндағы қағаз ілініп тұрды: "Мерекеге байланысты мұғалімдерге сыйлық жасау секілді әрекеттердің алдын алу мақсатында, мектеп қабырғасына гүл шоқтары, сыйлық, тағы да басқа ірі көлемді заттарды алып кіруге болмайтынын ескертемін. Бұны қадағалауды мектептің күзет бөліміне жүктеймін. Сыныптарда ешқандай ақша жинау болмасын!" Бұл - мектеп басшылығының бұйрығы еді. Бұған қарайтын ата-аналар жоқ, ақша жинады, сыйлық алды. Мектепке кіргізе алмайды, енді не істейді? Мұғалімді үй жағынан күтіп алды да, берді...

Астанаға келдік. Мектепке орналастық. Тағы да сол іспетті қағаз мектептің есігінде ілулі тұр. "Мектепте ешқандай ақша жинауға болмайды. Мектептің барлық қажеттіліктері бюджетте қарастырылған" деген сипаттағы жазба. Әр жиналыс сайын мектеп директоры да, сынып жетекшілері де "ешқандай ештеңе әкелмеңдер, болмайды, болмайды" десе де, сыныптың чатында не сыйлаймыз деген қызу талқы бітер емес. Науқан, былай айтқанда. Біреуі айтады: "сертификат берейік, көрінбейді ғо," - дейді. Бір ата-ана жазады: "Менің, - дейді, -қызым, - дейді, - кішкентай күнінен 8 наурызды сезініп өскенін қалаймын. Сондықтан ұлдар қыздарымызға сыйлық жасасын", - дейді.

Содан жинаса, жинасын, қосылмаймын деп, үнсіз жүре бердім. Мұғалім "ақша жинамаңыздар, мені ыңғайсыз жағдайға қалдырасыздар" деп, шырылдап жатса да, қоймайды. Содан шыдамай кетіп, мен де "әу" дедім: "8 наурызға әлі талай сыйлық жасар, балаларымыз кішкентай ғой әлі. Осы үшін апай жұмыстан шығып қалар", - деп жазып жібердім. Сөйтсем, біреуі жұлып алғандай: "Бұл талқыланатын нәрсе емес, басқалары берейін деп жатыр, біз де береміз", - деп жауап қайырды. Сөз таластырып, опа таппайтынымды білдім де, тілімді тістеп қалдым...

Бірақ неге ата-аналар ақша жинауға, мұғалімге сыйлық сыйлауға құмар екенін сол күйі түсіне алмай-ақ қойдым... Мен де мұғаліммін, мен де ата-анамын. Қай-қай жағынан қарасам да, жауабын таппадым. Сіздер не дейсіздер? Ақша жинап, сыйлық берген дұрыс па?