Тағдырдың табиғи ағысына қарсы келме!

08 сәуір, 08:55
813

Өмір тыныс алу мен дем шығарудан тұрады. Тынысты қабылдамасаң тұншығып өлесің. Алған деміңді сыртқа шығармасаң да солай. Адам басындағы тағдыр да қиыншылық пен қуаныштан, түрлі оқиғалардан құралады. Тыныс алып, дем шығарғаның секілді өмірдегі қиыншылықтарды қабылдай біл. Қабылдай алсаң, босатуың да оңай. Ал «Неге менің басыма келді?, Мен бұған лайық емес едім», - деп еңкілдеп жылап, іштей қабылдай алмай ұзақ уақыт қарсылық танытсаң, қатты қиналасың, мүжілесің. Бірақ соңында көнесің. Қабылдайсың.
Расында қиыншылық дегеніміз өмірдегі кейбір өзің қаламаған оқиғаларға деген ішкі қарсылығың және содан туындаған жағымсыз эмоцияңнан басқа ештеңе емес. Сен тап болған қиыншылықтың жылдар өткеннен кейін саған ешбір ауыртпалығы жоқ қой. Олай болса, бұл қиындық та өткінші екендігін ұмытпағын. Қиыншылықтың, басыңа түскен түрлі ауыр жағдайлардың емі – тағдырға шынайы иман келтіру. Әлемде ешбір нәрсе кездейсоқтық емес. Сондықтан тағдырдың табиғи ағысына қарсы жүзбе! Жаратқанның өзіңе жолдаған сансыз жақсылықтарын қуанышпен қабылдағаның секілді қиыншылығын да қабылдай біл. Мына өмірде жарық күндіз болғаны секілді қараңғы түн де бар. Жайма шуақ жылы жаз болғаны тәрізді қақаған суық қыс та бар. Қуаныш болғаны сияқты қиындық та бар. Тіпті, Алланың қойған осы керағарлық заңдылығы болмағанда, қуанышты да, жарық пен жылуды да түсіне алмас едік. Бұл әділдік. Бұл Алла қойған мына сынақ өмірдің заңдылығы.
Әр оқиға саған ұстаз. Әр қиыншылықтың саған берері бар. Ендеше, оқиғалардың астырына үңіліп, сабақ ал да өміріңді ары қарай жалғастыр. Басыңды көтеріп, алдыға қарай жылжый бер. Іштей қабылда да, өзгертуге болатын тұсын жөндеуге әрекет ет. Ал өзгерте алмайтын жағдайлар мен оқиғалар үшін қатты қайғырма, қабылда және босат! Аллаға қатысты істерді де бақылауға алып, уысыңда ұстауға талпынба! Тағдырыңа риза болу дегеніміз осы. Ризашылық мақамы бұл ізгі жанның жететін биік рухани мақамы. Бұл жайлы Құранда: «Ей көңілі иманмен тыныштыққа бөленіп, жүрегі жай тапқан адам, Алладан сен разы, ол сенен разы болған күйде Раббыңа қайт» делінген.

KEMEL ADAM кітабынан

Kairat Zholdybaiuly Mambetbayev

Фейсбуктегі парақшасынан