"Пәленнің екінші әйелімін", - деп әлдебір келіншектер баттитып айта алмайды

23 ақпан, 09:26
1367

ЕКІНШІ ӘЙЕЛ...


Қазір жиі еститін сөз ғой. "Пәленшенің екінші әйелі ғой", "түгенше екінші әйелімен жүр". Ара-тұра осы екінші жайлы сөз болғанда анабір жылғы ЖенПИ-дегі (университет екенін білем, жаныма осы атау жақын) Діни басқарманың өкілдерімен болған кездесу есіме түседі. "Күніне бес келіншек өзінің талақ тасталғанын айтып шағымданып келеді. Қолында - мешіттен берілген неке куәлігі, онымен не мұраға таласа алмайды, не күйеуінен алимент өндіре алмайды. Айналып келгенде, бұған мешіттегілерді кінәлі сияқты көреді. Қазір алдымен АХАЖ бөлімінде тіркеліп, заңды некеге отырмайынша ешкімнің некесін мешітте қимаймыз. Осыны ескеріңіздер. Мешітке келіп некесін қиярда қыздың не әкесі, не ағасының куәлік еткені жөн", - деп соқырға таяқ ұстатқандай ғып айтқан Діни басқарма өкілінің сөзі санада жатталып қалды. Өткенде әлдебір бағдарламаның қонағы болып отырған имам да осыны айтты. Ал АХАЖ-дың тек қана бір рет куәлік беретінін ескерсек... Қайдағы екінші әйел? Е, жоға, мен біреудің арманына балта шабайын деп отырғам жоқ, бірақ... "Сонда АХАЖ куәлігінсіз мешіттен алған неке куәлігі жарамсыз, демек..." дегенге әлгі имам: "Заңсыз деп те нақты айтылмайды", - деп жауап берді. "Неке және отбасы" заңы бар, бірақ тура осыған келгенде заң солқылдақ. Міне, сол себептен де: "Пәленнің екінші әйелімін", - деп әлдебір келіншектер баттитып айта алмайды, өйткені олай емес екенін өзі жақсы біледі. "Любовницамын" дегісі де келмейді. Орысшасы "нормально" естіліп қабылданғанымен "ашына", "көңілдес", "көзайым" дегені жаман ғой, құлаққа түрпідей тиеді. Бірақ қабылдасаң да, қабылдамасаң да - осы. Олар - көңілдес. Ғайыптан тайып АХАЖ-дың неке куәлігі қолына тиіп жатса, онда ол - кәдімгі ажырасқан еркектің заңды әйелі немесе пара беріп куәлікті сатып алған. Бала сатылған елде мөр басылған бір жапырақ қағазды сатып алу сөз бе, тәйірі! Әдетте, үйіндегі әйелін менсінбей, басқа әйелді сән көріп қағынып жүргендердің бір бөлігі - дәулетті еркектер. Ал ақшалы еркегінен заң жүзінде ажыраса салатын әйел сирек, жастайынан үйленген әйелінен біржола безетін еркек те ақымақ емес. Өйткені мұндайда ауырса бағатын, өлсе көметін - көбінде өзінің "oтуған" әйелі. Қалай десе де, ат айналып қазығын табатыны тіршілікте дәлелденген. Әу баста жаздым ғой, күйеуден үмітті отырып қалған қыздардың арманын тас-талқан еткелі отырғам жоқ, нақты біреуді де нысанаға алмадым. Тек біздегі заңның солқылдақтығы, шалажансарлығы, осыған бұл да бір мысал екені әлгі бағдарламаға қатысқан имамның сөзін естігеннен кейін келген ой. Содан кейін кейде әр нәрсені атымен атаған да жақсы. "Пәленнің любовницасы", әу баста жоқ, болмаған нәрсені айтып, "екінші әйел" деп ауыз ауыртудың керегі не?

Айгүл Болатханқызы

Фейсбуктегі парақшасынан