Осы сөзді ұнатпаймын, жек көремін

01 тамыз, 10:54
0 1

"Біздің деңгей емес". Осы сөзді ұнатпаймын, жек көремін. Кейде қалжың формасында шетелдегі жетістіктерді айта отырып, өз елімізбен салыстырамын. Сонда көпшілік "өй, бұл біздің деңгей емес", "ғарышты өзгелер игерсін, біз жерде отыра берейік, "АҚШ-тай болу қайда, жапонға жету арман ғой", "армандапсыз ақ тоқты" деген сарындағы пікірлер жазып жатады. Ол пікірлермен келіспесем де, оқығанымды білдіріп, лайк басып кетемін. Арасында қалжың формасында жауап жазамын.

 

"Біздің деңгей емес" деген сөзді біздің санамызға қасақана еңгізіп тастағандай әсер аламын. Жетпіс жыл бойы ми шаюдың жемісі ғой бұл. "Қазақтың деңгейі мал бағу, ұсақ-түйек істен ары аспау" деген идеологияның әлі бастан кетпегендігі. Өкінішке орай ол халықтар түрмесі құласа да, санасы әлі түрмедегі жандар көп сияқты.

 

"Біздің деңгей емес" дегенді жазу арқылы біз өз ұлтымызды қаншалықты төмендетіп жатқанымызды білеміз ба? Қазақ біреуден кем ба? Қазақтың көзі жоқ па, кітап оқи алатын? Қолы жоқ па, түрлі туынды жасайтын? Миы жоқ па ойланатын? Аяғы жоқ па, әлемді шарлап, тарихты зерттейтін?

 

Менің ойымша, біздің санамызға КСРО мен Ресей империясының билігі енгізген "бұратана халық", "екінші сортты ұлт" түсініктері еніп кеткені соншалық, біз солар ойдан шығарған кемсітуге өзіміз сеніп жүрміз. Санамыз соны қабылдап жүр. Бұл сенушілік билікте де, қоғамда да, халықта да, жекелеген адамдарда да бар сияқты. Осыны жойсақ, даму басталады. Тежегіш адамның санасында ғой, одан кейін барып ол жекелеген мәселелерде.

 

Егер Жапония мен Германия соғыстан кейін "біздің деңгейіміз әлемді билеу, жаулау емес екен, жеңіліс таптық, осымен қоялық" десе, онда бүгін олар бәлки осындай мықты болмас еді. Қазір екеуі әлемнің үшінші және төртінші экономикасы. Олар Гитлер мен Хирохитоның арманын орындады. Әлемді қарумен жауламаса да, сапалы өнімдерімен, көліктерімен, технологияларымен жаулап алды.

 

"Біздің деңгей емес" деген сөз болмайды, өйткені Құдай ұлттарды деңгей бойынша жаратқан жоқ қой. Сен әрқашан "біздің деңгей емес" дегенді жазған сайын, айтқан сайын, отарлаушы мен оның ұрпағы миығынан күліп тұратынын ұмытпа.

 

Асхат Қасенғали
Фейсбуктегі парақшасынан