Өмір бойы көрмеген онлайнды оқушы мен мұғалім бірдей игеріп кете ала ма?

26 марш, 11:54
0 1

Мұғалімдер қашықтықтан сабақ беруге әзірленіп жатыр. Бірақ бес сайманы сай емес. Білім және ғылым министрлігі мұғалімдер мен оқушыларды ең жоқ дегенде тегін ноутбукпен, интернет желісімен, әр сабаққа қажетті 15 гигабайттық флешкамен қамтамасыз етуі тиіс! Ал бізде қалай? "Кімде ноутбук бар? Кімде смартфон бар?" деп жеке мүлікке "инвентаризация" жасауды бастап кетіпті. Бұл не сұмдық? Ауылдық жерлерде көпбалалы отбасылар компьютер, смартфон алмақ тұрмақ, күндерін әрең көріп отырғаны белгілі. Сонда, ондай отбасының балаларын білім алу құқығынан қасақана шектеу ме, бұл? Бізде әдеттегідей "ақша жоқ" дейтін шығар.
Қазба байлықтан жұрдай кіп-кішкентай Грузия бірінші сыныпқа барған балаларға жыл сайын жаңа ноутбук сыйлайды. Грузия ақша тапқанда, Қазақстан неге таппайды? 2016-2019 жылдар аралығында "білім беруді дамыту" мақсатына 1 триллион 400 миллионнан астам қаржы бөлінді. Былтыр сол қаржыны "99,4 пайыз игердік" деп есеп берілді. Ол қаржы нақты қайда жұмсалды? Тексерудің қорытындыларын қайдан оқимыз? Әлде, қаржының басым бөлігі әлгібір шалдыр-шатпақ оқулық жазғыштардың қалтасында кетті ме?
Тағы бір сұрақ: министрлік не себепті осы уақытқа дейін онлайн сабақ өтудің тесттік тәжірибелерін жүргізіп, бағдарламаларын жасалмаған?
Мұғалімдер енді не істейді? Әрине, олар қарсы шыға алмайды. Өйткені, бүгінгі ұстаз - ұстаз емес, бұйрықты бұлжытпай орындайтын солдатқа айналған. Оларға директоры мен горОНОның айтқаны заң! Ал бірақ нәтиже қандай болмақ? Өмір бойы көрмеген онлайнды оқушы мен мұғалім бірдей игеріп кете ала ма? Әлде, көзбояушылықпен жылды жаба ма? Министр Askhat Aimagambetov оптимист шығар. Бірақ маған бұл тірліктің бәрі көлге құрал-саймансыз, жалаң қолмен балық ұстауға кетіп бара жатқан адамдарды елестетеді!

Тоқтар Жақаш
Фейсбуктегі парақшасынан