Төтенше жағдай созыла берсе қиын…

23 марш, 18:03
0 1

Төтенше жағдай созыла берсе қиын…

Көпшілік сезіп жатқан жоқ, шындығында карантин шағын және микро кәсіпкерлерге өте қиын тиіп жатыр.

Ешкімнен ештеңе сұрамай, өзін өзі жұмыспен қамтып отырған қаншама адамның тұралап қалу қаупі бар. Ол – ірі сауда орталықтарындағы киім-кешек, ұсақ-түйек заттар сататын бутиктер, сән салондары, монша, жаттығу залдары, ойын-сауық нүктелері, таксистер, етікшілер, СТО-лар т.б.

Бір ғана тойдың тоқтауы бизнестің бірнеше саласын тоқыратады. Ең алдымен тойханалардың табысы тыйылды. Екіншіден, тойбастар, шапан-шақпыт сататындар тығырыққа тірелді. Үшіншіден, неке қию, қыз ұзату, беташармен айналысатын той агенттіктері сияқты қызмет көрсету орындары қаңтарылып тұр. Тамада, әншілер табыстан қағылды.

Кафе, ресторан, көшедегі самса, донер сататын дүңгіршектердің де клиенті азайғаны анық.
Мұның барлығы аз емес, миллиондап саналатын адам.

Жарты ай тоқтап тұрудың өзі оларға оңайға соқпас. Ертең-ақ кеңсені жалға алу, коммуналдық қызмет ақысы, кредит уақыты жетіп келгенде, мәселе басталады. Олар қиналса, тұтас елге оңай болмайды.

Сондықтан төтенше жағдайдың тезірек аяқталуына баршамыз мүдделі болуымыз керек. 15 сәуірден әрі ұзамасын деп тілеймін.

Қамбар Ахмет
Фейсбуктегі парақшасынан