Екі мэрдің бірін асырып, екіншісін мұқату мынандай кезде ешкімге абырой бермейді

23 марш, 16:07
0 1

Көршісінің қорасы өртенсе ебін тауып бас үйтіп алатындар қай кезде де табылады. Коронавирусқа қарсы күрес күн сайын күшейтіліп жатқан біздің елде де саясат соғып біреуді біреуге айдап салушылар шығып жатыр.

Мысалы еліміз бойынша Төтенше жағдай барлық өңірге ортақ, ал Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары бойынша жарияланған карантин тәртібі бірдей. Себебі біз унитарлы мемлекетпіз. Әр штат өзінше шешім қабылдайтын, сайланбалы губернаторлары бар федералды ел емеспіз.

Сондықтан екі қаламыздың әкімдіктері атқарып жатқан жұмыстарда ешқандай айырмашылық жоқ. Себебі саяси шешімді Президент қабылдады. ТЖ комиссиясының төрағасы – Премьер-министр. Ал енді осындай жағдайда сайланбалы емес, тағайындалатын әкімдердің жұмысы қалайша бір бірінен асып кетуі мүмкін? Осыған қарамастан ши жүгіртіп, екі мэрдің бірін асырып, екіншісін мұқату мынандай кезде ешкімге абырой бермейді.

Кеше "Пандемия" деген мини-сериал көрдім. Калифорния штатының губернаторы мен Лос-Анджелес мэрі екеуінің арасында да саяси ойын жүреді. Екеуі де сайланған, тәуелсіз. Алайда соңында амалсыздан бірігеді. Олай болмасына амалы да қалмайды.

Сондықтан, саяси сасық ойындарды дәл осындай кезде қоя тұрып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Әкімдер мен министрлердің күні-түні ұйықтамай атқарып жүргенін бір апта үйде отырған ешқайсымыз әлі сезінген де жоқпыз. Қолдамасақ та, кедергі келтірмеу қолымыздан келетін шығар?..

Жаркын Тусупбекулы
Фейсбуктегі парақшасынан