" ШЕКЕГЕ БАРҒЫҢ КЕЛСЕ, ӘКЕҢНЕН ҚҰТЫЛ!"

23 марш, 00:33
0 1

Менің екі құрдасым бар. Екеуі де Астанада жүр. Біреуі - Айдарбек, екіншісі - Бәкібай. Екеуі де сөзге шешен, іске мығым. Жүрген жерлері кірпі - қылжақ пен қырғи - әзілге толы.

 

Солар бір кезде (елде жүргенде) Тәуіш деген ауылда көрші тұрды. Біздің жақта соғымның шекесін асу деген дәстүр бар.

 

Бұл әр өңірде әртүрлі аталады негізі.

 

Бізде - шеке.

 

Шеке - соғымның жарты басын асып, өзгеде мүшелерін қосып ауыл- аймақты, туыс - туғанды қонақ ету. Ең шұрайлы мүшелер салынатындықтан өте дәмді ас.

 

Бұған негізі үлкен кісілер шақырылады. Әкесі марқұм болып кеткен Бәкібай да үйдің үлкені ретінде шекеге шақырылатын қонақтар тізімінде жүреді үнемі.

 

Көп жағдайда көктем шыға, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсында күш қуат арттыру үшін жаппай шекеге шақыру басталады.

 

Түс ауа қонақтар қызыл шырайланып үйлеріне қайтады.

 

Бәкібай да көптің ішінде көтереңкі көңілмен, омырауын айқара ашып келе жатады, алшаң - алшаң басып.

 

Далада оны - мұны шұқылап жүретін Айдекең бірде шыдамай: - Бәкібай - ау, байқаймын шеке деген жақсы нәрсе секілді.

 

Жұрт қыстан қысылып шығып қиналып жатса, сен күннен күнге толысып барасың. Осы маған да шекеге бару керек шығар?" деп сөзге тартыпты.

 

Сонда Бәкібай жұлып алғандай: - Айдеке, шекеге барғың келсе алдымен әкеңнен құтыл! Әйтпесе, ол жаққа баруың қиындау болар! " деген екен.

 

Сол Бәкібай айтпақшы, мына коронавирустан құтылмай, наурыз мейрамынан өзге де мерекелерді тойлай алмаймыз - ау?...

 

Мысалы 7 мамыр, 6 шілде тұңғыш президент күні, т.б...

 

Нагашыбай Кабылбек
Фейсбуктегі парақшасынан