Біздің қоғамды құртатын - қылмысқа деген төзімсіздік қасиетінің жоқтығы

13 ақпан, 21:09
0 1

Әлімжеттік дегенде есіме түскені, сол ҚазҰУ-да екінші білім алу үшін заң факультетінде оқып жүргенімде, мынандай оқиғаға куә болдым. Машинамды парковкаға қойып, сабаққа келе жатсам, 5 жігіт бір жігітті ортаға алып ұрайын деп жатыр екен. Шамамен, 2 курстың студенттері. Әлгі жігітті жерге итеріп жіберіп, тепкілейін деп жатыр. Бір кезде шыдамай, айқайлап жібердім. "Әй, оңбағандар, жүріңдер, ректоратқа, бүгін сабақтан қуыласыңдар!"- дедім. Әлгі балалар сасып қалды, машинадағы "пресса" деген жазуды көрді де, "апалай" бастады. "Апай, жәй сөйлесіп тұрмыз ғой"- деп ақталды. Біраз ұрыстым. "Бесеуің бес жаққа тараңдар" - дедім. "Сендердей 17-18 жасында атам дүниежүзілік соғысқа қатысып, Отанын қорғаған. Сендер не бөлісе алмай жүрсіңдер?"- дедім. Бәрі түсінгендей төмен қарады.

Қазіргі жағдайға байланысты айтарым, егер бұл балалар кейінгі курстарды үркітіп-қорқытып, ақшаға бопсалаған болса, оқудан шығару дұрыс шешім. Анық-қанығын білу керек. Біздің қоғамды құртатын - қылмысқа деген төзімсіздік қасиетінің жоқтығы. "Пара алыпты, сотталады"- десе, "Әй, кім алмай жатыр, бәрі алады ғой". "Әлімжеттік жасап, біреудің баласын ұрыпты ғой" - "Не бопты соншама, бала ғой"... Қылмысты ақтау - қылмысты қолдау. Қылмыс жасалса, жазасын алуы керек. Ал әділетсіз жала жабылса, жала жапқандар заңмен жазаланады. Заң бәрінен үстем тұруы керек. Өкінішке қарай, елімізде ұлдар қыздардан көп туса да, 20-30 жасқа дейін статистика ұлдардың азаятынын көрсетеді. Неге? Әлімжеттік, жол апаты, ауру-сырқау, суицид, т.б. мәселелер бар. Бұның алдын-алып, жастардың санасын жаман ойлардан, қылмыстық әрекеттерден тазалау керек. Оның басты вакцинасы - қылмысқа, буллингке деген төзімсіздік, қатаң жаза.

.facebook.com парақшасынан