Қазақстандықтардың мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысуына шектеу енгізілді

23 ақпан, 11:19
1253

Қазақстандықтар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына тек бір-ақ рет қатыса алады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

 

Айтуынша, "Отбасы банкі" базасында "Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық" құрылады. Ол тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алуды, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділік сатысына сәйкес баспананы кезекке қою күні бойынша бөлуді бір орталықтан жүзеге асырады.

 

"Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталықтың" базасы жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорларымен интеграцияланады. Базаға қайта енгізуге жол берілмейді, азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға бір рет қана қатыса алады", &ndash деді Атамқұлов үкімет отырысында.

 

Министрдің ақпаратынша, биыл 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Мемлекеттік инвестиция есебінен кезекте тұрған 31,3 мың адамға қолдау көрсетіледі.

 

22,5 мың (1,3 миллион шаршы метр) әлеуметтік баспана салынып, сатып алынады және кезекте тұрғандарға 8,8 мың жеңілдетілген қарыз беріледі.