Алматыдағы ақылы автотұрақтардың төлемі қымбаттайды

15 қаңтар, 12:30
790

Алматыдағы ақылы автотұрақтардың төлемі қымбаттайды. Мәселен 2016 жылғы қаулыға сәйкес А-паркинг жобасы көлік тұрағының бір сағатын 100 теңге деп бекітсе, енді бұл тариф 150 теңгеге көтеріледі. Сондай-ақ осыған дейін А-Паркинг тарапынан беріліп келген айлық абономент те айналымнан алынғалы жатыр. Мұндай шешімді Алматы әкімдігі мониторинг пен тұтынушылардың өтініші аясында қабылдапты. Ал ақылы тұрақты күніне 8-10 сағат қолданатын көлік иелері әр сағатқа 150 теңге төлеуге наразы екендерін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әр сағат үшін 150 теңге төлеуге жағдайымыз жоқ деген азаматтар Алматы паркингтің тарифы тиімсіз деп отыр. Ол аздай кейде төлем қабылданбай, артынша айыппұл арқалаған кезіміз де болып тұрады дейді. Айтуларынша, төлемді әр тұрақтың өзіне тиеслі паркоматына ғана төлеу қажет.

 
"Базарға қоямын көлігімді. Қымбат түсіп жатыр күніне обед бар, жұмыс істейміз ары-бері, кредит бар. Кредит жабу керек", - деді сатушы қызметкер Еркебұлан Мусаев.

Арна мәліметінше, тұрғындардың тілге тиек еткен тағы бір мәселесі, автотұрақтан паркомат өте алыс жерде орналасқан дейді. Жаздың ыстығы күннің суығында іздеп тауып, әзер төлейміз дейді. Тағы бір қызығы бұл құрылғы қалтаңызда майда тиын болмаса қайтарым ақша қайтармайды. Ал тұрақ тарифінің тұрақсыз болуын "Алматы спецтехпаркинг сервис" директоры Марат Пірінбеков "А паркинг" жобасына жұмсалған инвестицияның ақталмауымен байланыстырады. Пірінбековтың айтуынша, Алматыдағы ақылы тұрақтардың бірыңғай жүйесін дамытуға осы күнге дейін 3 миллард 430 миллион теңге жұмсалып, 2 миллиард 960 миллион теңге табыс түскен. Оның 1 миллиарды мемлекеттік бюджетке құйылыпты.

"Қала бойынша көк базардың аумағы ғана. Мысалы Мақатев Пушкин көшесі ол жерде санамалы тариф болады. Ол жерде сағаты 150 теңге болады. Ол жерде абономент алуға мүмкіндік болмайды. Тек Көкбазарға келуші тұтынушылар ғана пайдаланып ары қарай өз жұмысымен кетуге мүмкіншілігі бар", - деді Алматы әкімдігі Баламалы Көлік түрлерін дамыту бөлімінің басшысы Абылайхан Омархан.

Сондай-ақ қала әкімдігі паркоматтардың ара қашықтығы тиісті орындарға орналасқандығын айтады. Мәселен 70 көлікке бір паркомат жеткілікті деп тауыпты. Тұрақтың ақысын қолма-қол төлеу қиындық туғызса, қаладағы 24 мың терминал мен телефон қосымшаларын пайдалануға кеңес береді. Ал А паркинг тұрақтарының тарифін нақты бекіту үшін әлі қаулы күшіне енбепті.