Бизнес бастаймын деушілерге 1 пайыздық несие беріледі

14 тамыз, 17:10
0 1

Карантин режимі бірқатар шымкенттік кәсіпкерлерге кесірін тигізіп отыр. Алайда жауаптылар пандемия кезінде қалада қанша бизнес нысаны тұралап қалғанын дөп басып айта алмады. Бірақ, шағын және орта бизнесті сақтап қалуға мемлекет қолдауды көрсетіп жатыр дейді. Тіпті бизнес бастаймын деушілерге 1 пайыздық мөлшерлемемен несие де беріледі екен.

 

Жарты жылдықты қорытындылаған басқарма басшысы әңгіменің әлқиссасын қалада ашылған жаңа жұмыс орындары мен тартылған инвестицияларды тізбектеуден бастады. Карантин кезінде тұралап қалған шағын және орта бизнесті сақтап қалу мақсатында мемлекеттік қолдау көл көсір болып жатыр деген Береке Дүйсебеков қалада қанша бизнестің жабылғанын немесе уақытша тоқтағанын толық айта алмады.

 

Береке Дүйсебеков Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқарма басшысы: «Енді біз статистикалық мәліметті алдағы уақытта алатын боламыз. Салық органдарынан. Себебі, кімнің салығы түспей қалды».

 

Жыл басынан бері тамақ және жеңіл өнеркәсіп, мұнай өңдеу саласы, металлургия өнеркәсібі бағыттарында өнім көлемі төмендеген. Сонымен қатар, келесі жылдың екінші жартысында қалада тағы да жаңадан индустриялды аймақ ашу жоспарланып отыр. Қазір жұмыс істеп тұрған «Тассай» және «Оңтүстік» индустриялды аймақтарында бос жер жоқ деп мақтанышпен айтқан шенеунік мұндай қадамға барудың да өз себебі барын айтты.

 

Береке Дүйсебеков Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқарма басшысы: «Бүгінгі таңда екі аймақта да жер көлемі 100 пайыз алынған. Дегенмен де арасында мынау жерді алып, уақытын созбалаңға салып жүрген кәсіпорындар да бар. Жылдың басынан бері 40 гектарға жуық жерді қайта алып, жаңа инвесторларға бердік. Дегенмен кәсіп ашамын дегендер көбейгендіктен жаңа аймақ ашамыз деп отырмыз».

 

Жаңалықтардың тағы бір легі «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы іске қосылды. Жобаның шарапатын жастар мен әйелдер қауымы көре алады. Ниет білдірушінің 1 пайыздық мөлшерлемемен қаржылай көмек алуына мүмкіндік бар. Бірақ кепілдікке қоятын мүлкіңіз болуы шарт.

 

Айта кетейік, екі банк арқылы жүзеге асатын бағдарлама аясында бүгінгі таңда 49 млн. теңгеге 5 жоба қаржыландырылған. Сонымен қатар, 60 млн. теңгенің 6 жобасы мақұлданып қойған.


 kz.otyrar.kz