БЖЗҚ 24 миллиард теңгеге жуық қарызын қайтарып алды

11 тамыз, 16:40
0 1

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлік қоғамы шілде айының соңындағы жағдай бойынша 23,634 миллиард теңгені құрайтын қарызын қайтарды, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

 

Қор өкілдерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс зейнетақы активтерін жеке жинақтаушы зейнетақы қорларынан БЖЗҚ-ға берген сәттен бастап жүргізілуде.

 

"2014 жылы БЖЗҚ-ға зейнетақы активтерін беру аяқталған кезде қорда 32 проблемалық эмитент болды және олардың берешегі номиналды құны бойынша 161,45 миллиард теңгені құрады", – делінген хабарламада.

 

Қазіргі кезде дефолтқа жол берген 19 эмитентке қатысты берешекті қайтару бойынша жұмыс жүзеге асырылуда. Олар үш топқа бөлінген:

 

оңалту рәсімі қолданылған эмитенттер. Аталған эмитенттердің номиналды құны бойынша берешек сомасы – 15,80 миллирд теңге.

талап-арыз жұмысы/атқарушылық өндіріс жүзеге асырылатын эмитенттер. Аталған топтың номиналды құны бойынша берешек сомасы – 13,03 миллиард теңге.

банкроттық/мәжбүрлеп тарату рәсімі жүзеге асырылатын эмитенттер. Бұл топтың номиналды құны бойынша берешек сомасы – 17,5 миллиард теңге.

 

Жалпы, биылғы тамыз айындағы мәліметтер бойынша, жоғарыда аталған эмитент қарыздардың жалпы сомасы 46,33 миллиард теңгені құрайды.

 

Ал 2020 жылғы шілде айының соңындағы жағдай бойынша БЖЗҚ ағымдағы қарызынан 23,634 миллиард теңгені қайтарды.

 

Сонымен қатар, құқық қорғау органдары БЖЗҚ-мен бірлесіп, 12 эмитентке қатысты қылмыстық іс жүргізуде.

 

"Айта кетейік, бүгінде "Имсталькон" АҚ және "РЭМИКС-Р" АҚ бұрынғы басшылары мен акционерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі аяқталып, материалдар сот қарауына жіберілді", - деп атап өткен БЖЗҚ хабарламасында.


 

sputniknews.kz