Дос Көшім: Басты қателігіміз – Қазақ елінің тұтқасын орыстілділерге беріп қойдық

20 марш, 11:58
0 1

–Тәуелсіздікке қол жеткізген 29 жылда қазақ тілі қазақстандықтар сөйлейтін ортақ тілге – ұлтаралық қатынас тіліне айнала алмады. Басты себебі не? Неден қателік жібердік?

 

– Бұл мәселенің объективті және субъективті себептері бар. Объективті себебі – біз орыстандыру саясаты ерекше өтіп кеткен елміз. Сондықтан бізді Балтық жағалауы елдерімен не Грузия, Украина, Өзбекстанмен салыстыруға болмайды. Олар Кеңес өкіметі кезінде де өздерінің тілдерін қорғай білді, дамытты. Ал біз қазақ тілін ортақ тілге айналдыру түгіл, өзіміз де сөйлемейтін жағдайға жеткіздік. Сондықтан болу керек, зиялы қауым мен ел басшылары орыстілділерге айналды. Олардың балалары орыстілді болып қалыптасты. Біздің басты қателігіміз – тәуелсіздік алған Қазақ елінің тұтқасын орыс тілінде білім алып, орыстың мәдениетімен суарылған азаматтарға беріп қойдық. Олар сөз жүзінде «қазақ тілін дамытайық» дегенмен, іс жүзінде ана тілімізге қарсы жұмыс істеді, әлі де сол бағыттан таймай келеді. Екінші қателік – 90-жылдары тәуелсіздігімізді алысымен отарсыздандыру бағдарламасын қабылдап, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуды, қайта тірілтуді мемлекеттік деңгейде қолға алмадық. Үшінші себеп, қазақтың «онда тұрған не бар», дейтін жайбасарлығы шығар.

 

–«Мемлекеттік тілді тізеге баса отырып, мәжбүрлеп үйрету керек» дейтіндер мен «мемлекеттік тілді білуді міндеттесек, көпұлтты еліміздің тыныштығын шайқалтып аламыз» дейтіндер бар. Қайтпек керек?

 

– Меніңше, ешкімді мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Тек қана қазақ тіліне деген қажеттілік жасау керек. Екіншіден, тіл мәселесі ұлттық не ұлтаралық мәселе емес, лингвистикалық мәселе екенін түсіну қажет. Керісінше, барлық өркениетті елдер бір тілдің арқасында топтасып, бір тілдің арқасында тұрақтылықты сақтап, бір тілдің арқасында бірігіп отыр. Осы қарапайым шындықты мойындамағандарды бұл мемлекеттің азаматы деп айтуға болмайды деп білемін. Қазір, біріншіден, «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдануы керек, тез арада «Қазтестіні» енгізіп (оның дайындалғанына жеті-сегіз жыл болыпты, кімді күтіп отырмыз?!), қызметке тұратын, оқуға түсетін жандардың қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтап, сол арқылы ғана жұмыс істеуге, оқуға мүмкіндік берілуі қажет. Мемлекеттік органдардағы аударма қызметі өз жұмысын толық тоқтатуы шарт.

 

– Орыс тілін ресми тіл деп жатамыз. Бұл осылай созылып кете бере ме?

 

– Конституциямызда «Мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми тіл есебінде қазақ тілімен қатар жүреді» деген сөйлем бар. Демек, заң бойынша, бұл екі жерден басқа субъектілерде (банктер, дүкендер, т.б.) тек қазақ тілі қолданылуы керек. «Аллаға серік қоспа» дегендей, мемлекеттік тілдің қасына орыс тілін тықпаламау керек. Демек, бұл баптың алып тасталынуы талассыз мәселе.

 

– Елімізде тілдерді дамытудың 2011-20 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған еді. Қазір Қазақстан халқының қанша пайызы қазақ тілін меңгерген?

 

– Соңғы мәлімет бойынша, қазақ тілін меңгергендер – 83 пайыз. Бұл министрдің аузынан шыққан ресми мәлімет. Бірақ өз басым қазақстандықтардың қаншасы мемлекеттік тілді меңгерді дегенге көңіл бөлудің қажеті жоқ деп есептеймін. Қазақ тілін меңгергендер 5 пайыз болса да, бұл – заң арқылы бекітілген мемлекеттің тілі. Оны білу және қолдану барлық азаматтардың міндеті болып табылады. Тағы да қайталаймын, басты мәселе – қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік жасау. Бұл – мемлекеттің міндеті. Ал мемлекеттің сол қажеттілікті жасауға деген ниеті болмаса, оны қазақ халқының өзі жасайды. Ол күн де алыс емес.

 

Сұхбаттасқан Күлтегін БЕК
zhasalash.kz