«Бір-бірімізге деген сыйластығымыз артты»: Тәуекел Мүслім карантиннің пайдасы туралы айтты

22 мүмкін, 21:21
0 1

 «Таңғы Студио» бағдарламасы қалыпты күн тәртібіне оралып, «Алматы» арнасының студиясынан тікелей эфирге қайта шыға бастады. Біз «Таңғы Студио» бағдарламасынның жүргізушісі Тәуекел Мүсліммен сұхбаттасуды жөн санадық.

– Сіз жұмысқа қайта келіп, әріптестеріңізді көргеніңізге қуаныштысыз ба?

– Енді, әрине, студияға шыққан ыңғайлы. Себебі 24 сағат үйде отыру өте қиын. Карантин кезінде біз («Таңғы Студио» бағдарламасы – ред.) үш аптадай онлайн режимінде жұмыс істедік. Ол да өте қызық тәжірибе. Әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығып, қонақтармен де сұхбат жүргіздік.

– Онлайн эфир кезінде қандай қиыншылықтар туындады?

– Кейде интернет жоғалып кеткен кездерде ғана қиналдық. Жалпы онлайн режиміндегі жұмыс қызықты өтті. Үйдегілерге жұмыс істеп жатқан бөлмеге кірмеуін, маған эфир кезінде кедергі жасамауын алдын ала ескертіп қойдым, сондықтан ешқандай қиындық туындамады. Қайта артықшылығы көп болды. Ерте тұрмайсың, жұмысқа жеткенше кептелісте тұрмайсың, эфирдің алдында 10-15 минут ерте тұрсаң, сол жеткілікті. Жарнама кезінде кішігірім шаруаларыңды бітіріп алуға мүмкіндік бар.

– Жақында ғана үйленіп, отбасылы болдыңыз. Карантин жеке өміріңізге қалай әсер етті?

– Біз жаңадан отбасын құрғандықтан болар, карантин уақыты жақсы өтті (күледі). Әрдайым солай болсын. Біз бір-бірімізді жақсы таныдық, бір-бірімізге деген сыйластығымыз, сүйіспеншілігіміз артты. Карантиннің пайдасы көп болды біз үшін.

– Сіздің жұбайыңыз – дәрігер. Оған пандемия қаншалықты әсер етті?

– Менің жұбайым – әлі студент, дәл қазір бесінші курста оқиды. Оларды коронавируске байланысты жұмыстарға қатыстырмады. Алда тағы екі жыл оқуы бар, содан кейін жұбайым толыққанды дәрігер атанады.

– Қазіргі таңда орта және шағын бизнес шығынға ұшырауда. Дағдарыс кезінде жеке бизнесіңіздің жағдайы қалай?

– Менің бизнесім әлі тоқтап тұр. Біз сауда орталығында орналасқанбыз, ал әзірше ойын-сауық орталықтары жабық. Бір жеңілдігі – біз осы уақыт ішінде жалға төленетін ақшадан босатылдық. Бірақ клиенттерімізді жоғалтып алу қаупі бар. Дегенмен өзіміздің тұрақты қонақтарымыз бізге қайтып келеді деген үміттеміз. Болашақта жаңа акцияларды да ұйымдастыруды жобалап отырмыз.

– Таңғы бағдарламаның жүргізушісі болу оңай емес. Бұл жұмыс сізге несімен ұнайды?

– Таңғы бағдарламаның жүргізушісі ретінде мен үшін ең бірінші жағымды жайт – күнделікті ерте оянуға дағдыланасың, соның арқасында басқа да шаруаларың тезірек бітеді және ерте тұру үшін – ерте жатасың, белгілі бір күн тәртібі қалыптасады. Бұл өте ыңғайлы. Және бұл жұмыстың тағы бір артықшылығы – таңғы позитив! Көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлау үшін өзің көтеріңкі көңіл-күйде болуың керек, өзіңнің ішкі жан-дүниеңмен жұмыс істеуің қажет. Соның арқасында күнің де жақсы өтеді.

– Сіздің ойыңызша карантин адамдардың дүниетанымын өзгертті ме?

– Әрине, карантин адамдардың өмірге деген көзқарасын өзгертті деп ойлаймын. Бұндай жағдай бұрын-соңды болмаған, оқшаулану кезінде ұғымдар мен құндылықтарыңды, өзіңнің мүмкіндігіңді іштей сараптамадан өткізесің. Мұндай кезеңде адамдар депрессияға салынбай, мұңаймай, керісінше, бұл жағдайдан өзінің тұлғалық қасиеті мен құндығы үшін пайдалы жағын іздеп, сол уақытты тиімді өткізуге тырысуы керек деп ойлаймын. Әрине, мен де карантин уақытын дәл осылай өткізуге тырыстым.

– Карантиннің жағымды жағы болды ма?

– Айналамызға, табиғатқа, экология жағдайына қарайтын болсақ, жақсы өзгерістерді көруге болады. Ауамыз тазарып қалды, кезінде қаладан тауға қарасаң, тау бөктері көрінбейтін еді немесе тау шыңынан Алматыға қарасаң, қаланы толықтай көре алмайтынсың. Қазір ауа таза, тұнық. Қалада кептеліс аз. Бұрын 80-жылдардағы Алматыны таспалаған бейнежазбаларды көргенде, жап-жасыл, керемет қаланы көруші едік. Қазір Алматы дәл сондай кейіпке оралған сияқты. Бұл тек біздің қалада емес, әлем бетіндегі барлық үлкен қалаларға байланысты. Ал адамдарға карантин әртүрлі әсер етті, ол тікелей адамға байланысты деп ойлаймын.

– Ал сізге үйде отыру қиын болды ма?

– Жоқ. Өз басым шулы орындарға барғанды аса ұнатпаймын. Керісінше, үйде уақытымды кітап оқумен, өзімді тұлға ретінде дамытатын дүниемен айналысқанды жақсы көремін. Сондықтан маған аса қиын болған жоқ.

– Оқырмандарымызға айтар тілегіңіз бар ма?

– Осы мүмкіндікті пайдаланып, қазіргі қиын жағдайда ерлік көрсетіп жүрген жандар, бүгінгі күннің батырлары – ақ халатты абзал жандарға мың алғыс айтқым келеді. Сіздерге көп-көп рақмет! Халқымызға жақсылық, денсаулық тілегім келеді. Карантин, пандемия бізге жақындарымызға көбірек уақыт бөлуді, үйде болуды, барынша позитив ойлауға үйретті. Біз кез келген жағдайды ел болып бірігіп жеңе аламыз. Әрине, бізге әрдайым даму керек, оқу керек, жақсылыққа тырысу керек. Барлық мүмкіндігімізді пайдалануымыз керек. Барлығыңызға соны тілеймін! Аман болайық! «Алматы» арнасы қосулы болсын!

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет! «Таңғы студио» бағдарламасын жұмыс күндері сағат 08.00-10.00 аралығында «Алматы» телеарнасынан көріңіздер!

Almaty.tv