"Жоқ!.. Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар": Белгілі ақын Бейсен Құранбекке жыр арнады

18 мүмкін, 21:24
0 1

Бүгін белгілі тележүргізуші, "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбектің өмірден өткені хабарланды. Қазақ журналистикасында өшпес із қалдырған тұлғаның қазасына бүкіл ел қайғыруда. Олардың арасында ақын, "Төлеген Айбергенов" атындағы сыйлықтың иегері Ұларбек Дәлейұлы да бар. Ол өзінің іштегі шерін жыр жолдары арқылы білдірді деп жазады  порталы.

 

"Жоқ!.. Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар,

Жазсам жайрап жаралы далаң қалар!

Аруанадай аңырап анаң қалар,

Қарс айырылып менің ұлттық санам қалар!

 Жоқ!.. Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар,

 

Сенбеймін! "Сізді өлді" дегендерге,

Қауесетке, жоқтауға, өлеңдерге.

Қайғысындай қазақтың – Қайран тұлғаң,

Қалай ғана сияды денең көрге?

 

Достым: "Ол енді жоқ" деп айта көрме,

Терең бір ағыстар да қайтады өрге.

Бар-дағы басын сүйе Алашыңның,

Бар-дағы "Жылама!" де байтақ елге.

 

Жоқ!.. Жазбаймын, Ол жайлы хабар жаман,

Күннің жүзін қарашы талураған!

Қасиеті ол – Қазақтың тоналмаған,

Зүлпыхарың еді ол – жоғалмаған!

 

Арасынан кіл дана, даралардың,

Мен оны Мәңгілікке санағанмын.

Жерден ұзақ бір жаққа бара тұрам,

Қазасы ескіргенше Нар ағамның!..", - деп жазды ақын Facebook парақшасында.