Танымал вайнер қымбат көлік пен үш үйге қалай қол жеткізгенін айтты (фото)

25 марш, 17:45
0 1

Қазақстандағы танымал вайнерлердің бірі, бүгінгі таңда instagram әлемінде 3 миллион 500 мың оқырман жинап үлгерген Ерболат Жанәбілов Youtube желісіндегі «40 сұрақ» бағдарламасында қонақ болып, бар сырымен бөлісті. Жүргізуші Ерқанат Хайнелге сұхбат берген инста-жұлдыз өзінің өмірі, өзге де танымал адамдармен қарым-қатынасы, әйелімен қалай танысқаны туралы баяндады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

 

Қызылорда облысы, Арал өңірінің тумасы екенін айтқан Ерболат Жанәбілов эксклюзивті сұхбатында барынша ағынан жарылған.

 

Бала кезінен футболшы болуды армандаған ол танымалдылыққа ие болғанға дейін аула тазалаушы, кофеханада барриста болып, жанармай құю бекетінде, тіпті әкесімен бірге құрылыста да нәпақасын тапқанын жасырмады. Ал анасы болса бір кездері үш жерде жұмыс істеген көрінеді.

 

Ерболат сұхбат барысында әлеуметтік желідегі ең алғашқы танымалдылық қалай келгенін айтып берді.

 

Ерболат Жанәбілов жанұясымен. Фото: instagram

 

«Әйелім үй шаруасын жасаған кезде баланы маған беріп қояды. Маған баланы жай тербеткен ұнамайды. Мен өзім футболмен, бимен айналысатынмын. Бір күні үйде баламды қолыма алып билеп жүргенімді әйелім ас үйдің есігінен сығалап тұрып, байқатпай түсіріп алады да, оны инстаграмға жүктеп жіберді.

Бұдан кейін бұл видео түрлі пабликтерге тарап мыңдаған қаралым жинап, аккаунтыма жазушылардың қатары күн санап өсе бастады.

Кейін мұндай видео кімге қызық екен деп өзге де видео авторларын қарап, зерттеп, әрі қарай түсіріп, қаралым мен лайк жинай бастадым», – дейді ол.

 

 

Ол сүйіп қосылған Самал есімді келіншегімен өзі он сегіз жыл тұрған 12 шаршы метрлік ескі жатақханада танысқан.

 

Ерболаттың айтуынша, Самалдың шын есімі құжат бойынша – Эльмира. Оның бойында қазақпен қатар татар, беларусь ұлтының қаны бар.

 

Екі жыл бойы қыз бен жігіт болып жүріп жүрген шақта оған қымбат сыйлықтар алып беру үшін қалтасында артық ақшасы да болмағанын жасырмай айтты.

 

Әлеуметтік жағдайға байланысты үйлену тойын өткізбеген вайнер тіпті құдалықтың өзін үш жылдан соң жасағанын айтады.

 

Ерболат Жанәбілов жанұясымен. Фото: instagram

 

«Қазір шүкір, әйеліме, отбасыма олар қалаған кез-келген қымбат сыйлықтар сыйлай аламын. Нұр-Сұлтанда үш үйім бар. Lexus 570 көлігін тізгіндеймін.

 

Кез келген адам кедеймін деп айтпасын. Қалтаңда ақшаң болмаса да өзіңді баймын деп айтуың қажет. Жақсы нәрселер ойлау керек», – дейді Жанәбілов.

 

 

Әлеуметтік желіде белсенділік танытып жүрген жас вайнерлерге өзінің ақыл-кеңесімен бөлісіп отыратын Ерболат тапсырыс берушілерден жарнама үшін қанша қаражат алатынын да жайып салды.

 

Ол жеке аккаунтының 24 сағаттық бір күндік историясына жариялау үшін – 1 млн 600 мың теңге, ал арнайылап өз парақшасында жарнамалық жазба жариялау үшін 2 млн 500 мың теңге сұрайтынын айтты.
Instagram арқылы мол табысқа кенеліп отырған әлеуметтік желінің жұлдызы жұбайымен бірге Испания, Турция, Корея, Чехия сынды әлемнің 10 алдыңғы қатарлы мемлекеттеріне саяхаттап үлгерген.

 

 

Сұхбат беру барысында өзінің басынан өткен қызықты оқиғаларымен бөліскен Ерболат алғаш рет денесіне сурет салдырып, сырға таққан кезде әкесінен оңбай сөз естігенін ашық айтты.

 

Танымал бола бастаған кезде шашын күлгін-сары түске бояған вайнер жігіт біраз уақыт бөлек тұрып, әкесінен жасырынып жүруге тура келіпті.

 

"Шашымды бояп, сырға тағып жүргеніме қарсы болған кейбір ер азаматтармен ара-тұра төбелесіп те қалып жүрдім", - деп ағынан жарылды ол сөз арасында.

 

 

ВИДЕО:  www.youtube.com/watch