Балғынбек Имаш қазақтың шектен тыс тойшылдығын сынады

19 марш, 18:18
0 1

Белгілі айтыскер ақын қазақтың шектен тыс тойшылдығын сынады. Бұл туралы Балғынбек Имаш өз парақшасында жазды, деп хабарлады  Caravan.kz медиа-порталы.

 

"Той Тәңірдің қазынасы" деп ас та төк дасдархан жайып, ұланасыр той жасап, жұлдыздарды шақырып, мақтануға келгенде біз қазақ алдымызға жан салмаймыз.

 

Осы мақтанатын нәрсе ме? Абай айтқан жоқ па "Ғылым таппай мақтанба" деп? Ал біз ше? Ғылым іздендік пе? Өнер үйрендік пе? Бұл жердегі өнер тойда ән салып, би билеу емес. Кәсіп, жасампаздық, ақылмен ойлап, он саусақтан туған - өнер.

 

Біздің мақтан - риякерлік, бәсеке, мал шашпақ, ысырапшылдық.

 

Мынау коронавирус деген індетке бола жасалып жатқан шаралардың пайдасы да жоқ емес. Ең алдымен көп адам жиналуға болмайды деген желеумен той-жиындар тоқтады. Ия, тойхана, ресторан иелері, асаба, әнші, музыканттар зиянда. Бірақ, ысыраптан қазақ аман ғой. Кредит алып, қарызға батып, ұят болады деп алаөкпе болмай, тойсыз да жастарды үйлендіруге, баланы сүннеттеуге, жаңа қонысқа кіруге, бесікке салуға, тұсау кесуге болады.

 

Ал енді туған күн, мерейтой деген қазақтың ата дәстүрінде атымен болған емес. Қазақ туған күнді емес, өлген күнді жасайды, яғни, ас береді. Қонақасы, жетісі, қырқы, жүзі, жылы деп ас бергенді естігенбіз. Ал 30 жылдық, 40, 50, 60, 70, 80 жылдық деген кеңестік кезден жұққан кесел. Ажалға, қабіріне, Раббысына қауышатын сәтке жыл санап емес, күн санап, сағат санап жақындап келе жатқан адам не деп той тойлайды?

 

Зауыт пен фабрика салудың орнына ресторан мен тойхана салып, мешіт пен медресе салудың орнына казино мен букмекерлік орталықтарды қаптатқан елдің болашағы не болмақ?

 

Кітап оқудың орнына телефон шұқылап жүрген жастарға намаз оқудың орнына сериал мен Қалаулым көріп отырған үлкендер не ақыл айтсын?

 

Ең сорақысы не, айтайын ба? Ресторанда миллиондар жұмсап той жасап берген жастарымыздың үштен бірі бір жылға жетпей, қалған жартысы бес жыл ішінде ажырасып жатыр!!! Той жасап бәсекеге түскенше ұлдарымызды шаңырақ иесі болуға, отбасын асырауға, кәсіп істеуге, ал қыздарымызды от анасы болуға, келін болуға, жар болуға үйретсек еді.
Асабалар мен әнші, шоумен, жұлдыздарға ұнамайтын шығар сөзім. Бірақ, тойдың ақшасынан береке аз, кәсіп үйренейік, ғылым іденейік, елге масыл болмай, керісінше, өрге сүйрейік, бауырлар.