Жамбыл облысында вакцина өндіретін зауыт жыл соңына қарай іске қосылады

07 сәуір, 22:30
175

Жамбыл облысының Гвардейский аулындағы вакцина шығаратын зауыт жыл соңына қарай іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл жөнінде денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой мәлімдеді.

"Қазір өндірісті іске қосу кестесі пысықталып жатыр. Жақын күндері кәсіпорынның технологиялық желісі дайын болады. Содан кейін барлық процесс орындалып, өндіріс GNP стандартына сәйкестендірілген соң зауыт іске қосылады. Ол шамамен осы жылдың соңына қарай іске асатын шығар. Нақты күнін білім және ғылым министрлігі хабарлауға тиіс", - деді Цой.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мамырда құрылысы жүріп жатқан осы зауытқа сапармен баратыны туралы мәлімдеді.

"Келесі айда ол жаққа өзім баруым керек. Онда не болып жатқанын көремін. Егер сәтін салса, ол жаққа мамырда барамын", - деді Тоқаев.

Желіде алматылық әйелдің вакцина салдырғаннан кейін қайтыс болғаны туралы видео тарады

"Біз дайынбыз, көрсетеміз", - деді президентке Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Гвардейский ауылында Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар өндіретін зауыт құрылысы жүріп жатыр. Бастапқыда зауыт 2021 жылдың бірінші тоқсанында жұмысын бастайды деп жоспарланған болатын.