Қостанайлықтар суықта торда қамалған иттердің жағдайына алаңдаулы

21 қараша, 02:43
0 1

Қостанайлық волонтерлер ауыл маңында қамалып тұрған иттердің жағдайына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғындар Қостанай ауданының Мичурин ауылы маңында тор қоршауда қамалып тұрған иттердің видеосын әлеуметтік желіге таратқан.

Қараусыз қалған үй жануарларын қорғаумен айналысатын «Hope_kst» волонтерлік ұйымы иттердің жағдайына алаңдаулы.

«Қазір қарашаның суық кезі. Иттер далада тор қоршауда қамаулы. Тұрғындар олардың видеосын әлеуметтік желілерде бөлісіп жатыр. Торда тұрған иттерді алып, бағатын қайырымды жандар табылатынына сенімдіміз», - дейді волонтер Гүлнұр Мейрамқызы.

Бұл жағдайға қатысты Қостанай ауданының әкімдігі ресми мәлімдеме таратты.

«Аталмыш мәселе біздің бақылауымызда. Таңертең аудандық ветеринарлық қызмет бөлімінің мамандары қараусыз қалған иттер қамалған орынға барады. Алдымен иттердің физиологиялық жағдайы тексеріп, тиісті шаралары жүргізіледі. Қазіргі мәлімет бойынша торға екі үлкен ит пен үш күшік қамалған. Олар арнайы мамандардың қарауында болады. Кейін волонтерлермен бірігіп, иттерді ниет білдірген тұрғындарға таратамыз», - деді Қостанай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Анар Кенжебекқызы агенттік тілшісіне.