«Үркер-2020» байқауына Шерхан Мұртаза атындағы номинация қосылды

17 қазан, 15:47
0 1

«Үркер-2020» байқауына Шерхан Мұртаза атындағы номинация қосылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Үркер-2020» ұлттық сыйлығына өтінімдер әлі де қабылданып жатыр. Баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздіктерді анықтайтын доданың марапаттау рәсімі онлайн режимінде 13 қарашаға жоспарланған.

Байқау талабына сәйкес, журналистер жұмысы баспа басылымында, интернет-ресурста жариялануы немесе радиоэфирде шығуы тиіс. Жеңімпаздарды отандық және шетелдік белді журналистер анықтайтын болады.

Айта кетерлігі, биыл дәстүрлі 10 аталымның қатарына «Шерхан Мұртаза атындағы номинация» қосылды.

«Шерхан Мұртаза ағамыздың номинациясында публицистикалық материалдар таңдалады. Ол қазақтың елін, ауылын жақсы көркем тілмен оқырманға жеткізетіндей мақалалар болса деген үміт артамыз», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев «Қазақстан» арнасына берген сұхбатында.