Видеоблог авторлары президент алғысына ие болды

17 қазан, 15:45
0 1

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев "Москва қазақша" видеоблогының авторлары Анастасия Решетникова мен Елизавета Осиповамен кездесті. Елші оларға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын табыс етті, деп хабарлайды Sputnik  Қазақстан.

Мұндай ақпарат елшіліктің Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланды.

"Сіздер қазақ тілін жетік меңгеріп, "Москва қазақша" блогының көмегімен оның танымал болуына үлкен үлес қосып келесіздер. Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтатын игі істеріңіз қолдауға ие және кеңінен танымал. Қазақ мәдениетін насихаттағандарыңыз үшін өз ризашылығымды білдіремін", &ndash делінген алғыс хатта. 


 

Ал қыздардың өздері Қазақстан президентінен алғыс хат аламыз деп күтпеген.

"Жобамызды бастағанда мұндай жоғары марапат туралы ойламадық. Біз оны шын пейілмен жасаймыз. Мұндай марапатқа ие болу өте маңызды әрі бұл екіжақты қатынастарды дамыта түседі", &ndash дейді Осипова.
Айта кетейік, Елизавета Осипова мен Анастасия Решетникова Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетін (ММЛУ) бітірген. Олар қазақ тілін шет тілі ретінде оқыған. Оқып, үйренгендерін ұмытып қалмау үшін қыздар 2018 жылдың қараша айында видеоблог жүргізуді қолға алады.

Жоба авторлары Sputnik Қазақстанға университеттегі алғашқы сабаққа дейін қазақша мүлдем білмегендерін айтқан. Сондай-ақ, өткен жылы мәскеулік бойжеткендер халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі сайтында видео түсіріп, қонақтарды Қазақстан павильонына шақырған.

Оқи отырыңыз: "Табиғи әрі дұрыс процесс" Ресей елшісі қазақ тілі туралы ойын айтты

Сонымен қатар, олар Қазақстанға келіп, Алматы мен Шымкент туралы да видео түсірген.