Қауіпсіздік шаралары қайта пысықталды

09 тамыз, 23:00
0 1

Төтенше жағдайлар қызметі қауіптің алдын алу мақсатында халықпен сақтандыру жұмыстарын жүргізу, төтенше жағдай кезінде зардапты жедел қалыпқа келтіру, төтенше жағдайдан соң шығынды жою, алдағы уақытта төтенше жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізеді. Сондықтан аталмыш саланың жұмысының маңызы зор. Сондай-ақ басқа елдерде қандай да бір төтенше жағдай орын алғанда, алдағы уақытта ол жағдайдың біздің елімізде қайталанбасы үшін дайындық жұмыстарын да пысықтап отырады. Соның дәлелі Ливан елінде өткен аптада орын алған жойқын жарылыстан соң да еліміздегі бірқатар соған ұқсас нысандардың жұмыстары Төтенше жағдайлар Комитеті тарапынан тексеруден өткізілді.
Мәселен Ливандағы қайғылы жағдай теңіз порты бар елдердің барлығын алаңдатып қойды. Сондықтан еліміздің жауапты мамандары порт аймағындағы қауіпсіздік шараларын тағы бір рет пысықтады. Өйкені Ақтау халықаралық теңіз сауда порты еліміздегі жүк тасымалымен айналысатын ең ірі нысандардың бірі. Каспий теңізі жағалай қонған 5 елмен шектесіп жатыр. Қазақстан бөлігінің негізгі теңіз қақпасы- Ақтау халықаралық порты. Мұнда карантин режимдері еліміздегі пандемиялық жағдайға орай қатаң сақталған. Жүк тиеу мен қабылдау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, астықтың өзін ғана алатын болсақ, жылына 800 мың тонна осы порт арқылы шетелдерге жіберіледі екен.

Қазір теңіз портындағы ең қауіпті жүк – мұнай болып отыр. Оны тасымалдау әдісі аса күрделі. Сондықтан да қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауда тұр. Барлық айлақта автоматтандырылған өрт сөндіру құрылғысы бар. Нысан ең үздік өрт сөндіру және қауіпсіздікті бақылау қызметтерімен ұзақ мерзімді келісімге отырған. Ақтау халықаралық теңіз сауда портының бас инженері Әмір Атамбаевтың айтуынша, халықаралық теңіз портында мұнайды тиеу және тасымалдау үшін тиісті қауіпсіздік талаптарын жоғары деңгейде сақтап отыр. Жанғыш, жарылғыш қауіпі бар жүктерді тасу әлдеқашан тоқтатылған. Ал қандай да бір қауіпті ауыздықтауға техникалық мүмкіндік жеткілікті көрінеді.
Порт жыл аяғына дейін 2 млн тонна қара алтынды тасымалдауды жоспарлап отыр екен. Мұнан өзге астық 1 млн тоннаға жуық, контейнер жүктері 30 мың тонна болмақ. Құрылыс заттары, азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлар өз алдына. Карантинге байланысты теңіз портының жұмысы 50% азайған. Соған қарамастан межені орындау көзделген. Қазір портта 500-ге жуық адам еңбек етеді. Карантинге байланысты негізгі мамандардан өзгелері онлайн жұмысқа көшкен. Жағдайды жақынырақ білу үшін осы халықаралық порттың қызметкерлерінің бірін де сөзге тартып көрген едік.
Таңжарық Қозыбаев Ақтау халықаралық теңіз сауда портының қызметкері:
- 2000 жылдан бері 20 жылға жуық осы жерде жұмыс істеймін. Айлақтың жұмысы маңызды болғандықтан қауіпсіздік шаралары үнемі тексеріліп, қадағаланып отырады. Қазір Ираннан келген жүктерді тасымалдап жатырмыз. Тас, цемент, келуде. Соны кранмен көтеріп тиейміз. Контейнерлерді вагонға жүктейміз. Айлақта қауіпсіздік шаралары қатаң сақталғандықтан жұмыс істеген жиырма жылда ешқандай оқыс жағдайлар тіркелген емес.

Қазір жүктің дені Иран, Әзірбайжан, Қытай мен Батыс Еуропаға жіберілуде. Карантинге қарамастан аттанатын жүктердің мәселесі оң шешілді. Қауіпсіздікті қатаң сақтаудың арқасында мұнда қатерлі дертпен ауырғандар өте аз тіркелген екен. Алдағы уақытта да әлемді кезген індеттің салқыны бұл жерге тимес үшін мамандар қатаң қадағалауға көшкен.
Айта кетер жайт, бұл жалпы бұрыннан тәжірибеде бар іс-шаралар. Қай бір жылы Ресейде кинотеатрда болған өрттен соң да еліміздегі жабық ойын-сауық орталықтары жаппай тексеруден өткізілген болатын. Ал талапқа сай келмейтін, өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілмеген нысандарға айыппұл салынып, өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау талап етілген болатын. «Жау жоқ деме жар астында» дегендей, қауіпсіздік ережесі сақталмау салдарынан орын алатын оқыс жағдайлар кез келген елде қайталануы мүмкін. Кез келген төтенше жағдай ең алдымен қауіпсіздік ережесін сақтамау салдарынан туындайды. Сондықтан үнемі қауіпсіздік ережесінің сақталуын қадағалап отыру төтенше жағдай қызметіне артылған үлкен міндет. Қазіргі таңда Ақтау халықаралық теңіз сауда портында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған деп айта аламыз.
Жалпы басқа елдерде орын алған мұндай жағдайлардан қорытынды шығарып, төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын жүргізіп отырудың пайдасы зор. Осы орайда еліміздегі халықаралық тауар тасымалымен айналысатын ең ірі Ақтау халықаралық теңіз сауда портының қауіпсіздігі талапқа сай болғандықтан Бейруттағы жағдайдан соң алаңдаулы халықтың да көңілі орнына түсті.
Қуаныш Ермекова