Карантин кезінде балалардың қауіпсіздігін арттыру керек

07 тамыз, 15:16
0 1

Елімізде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін қазір жауапты мекемелер мүмкіндігінше тұрғындарды үйден шықпауға шақырып жатыр. Әсіресе алдағы 2020-2021 жаңа оқу жылында балалардың үйден онлайн оқуы кезінде олардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету керек. Республика бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелерінің де қызметі тоқтап тұр. Мұндай кезде күнұзақ үйден шықпай зеріккен балалардың әрнәрсені ермек етіп, отпен, сіріңкемен ойнауы, көпқабатты үйлерде терезенің алдына шығып алуы, абайсызда терезеден құлап кетіп төтенше жағдайға себеп болуы мүмкін.
Айта кетер жайт жыл басынан бері республика бойынша 75 бала терезеден құлап кеткен. Төтенше жағдайлар комитетін ересек адамдардың қарауынсыз қалған балалардың қаупсіздігі алаңдатады.

Мәселен, 2020 жыл басынан бастап, 31 шілдеге дейін көппәтерлі тұрғын үйлердің терезесінен 1-8 жас аралығындағы 75 бала құлап кеткен. Осы фактілер тіркелген кезде 7 бала көз жұмып, қалған 68 бала ауруханаға жатқызылған. Оқиғалар Нұр-Сұлтан қаласында 15 бала, Қарағандыда 13, Батыс-Қазақстанда 6, Алматы қаласында 6, Шығыс Қазақстанда 6, Қызылорда қаласында 5, Атырауда 5, Жамбыл облысында 5, Қостанайда 3, Ақмола облысында 2, Ақтөбе обылысында 2, Шымкентте 1, Павлодарда 2, Алматы облысында 2, Маңғыстау аймағында 1 бала қайғылы жағдайға ұрынған. Сондықтан Төтенше жағдайлар Комитеті мамандары түрлі нұсқаулықтағы сақтық шараларын ата-аналарға ескертуде. Әсіресе оқыс жағдай көп тіркелген аймақтарды түсіндіру, сақтандыру шаралары күшейтілді.
Осындай оқиғалардың көбеюі салдарынан биыл жыл басында терезеге қойылатын темір торға қатысты талаптарды қатаңдататыны жайлыда айтылған еді.
Жазатайым оқиғаның алдын алу үшін үйде балалар болған жағдайда, ешқашан терезені ашық қалдырмау керек. Барлық жиһаздарды бала терезе алдына шыға алмайтындай етіп, терезе жанынан алшақ қойған жөн. Ешқашан балаларға терезеге жақын орналасқан кереует немесе басқа да жиһаздардың үстінде ойнауына рұқсат бермеген дұрыс. Балаларға балконға ересектерcіз шығуға да рұқсат бермеу қажет. Терезе қалай ашылатынын да балаға көрсетпеу қажет. Өйткені бала бетімен терезені ашуға үйренген сайын, оның пәтерде болуы қауіптірек болады. Қазір барлық балалардың үйден шықпай ұзақ уақыттан бері карантиндік режимде отырғанын ескерсек бұл сақтық ережелері өте маңызды. Балалардың жасы үлкендеріне өзінен кейінгі кішілеріне қарап жүруін, сақтық шараларын үйретіп, үнемі айтып отыру қажет. Ешқашан ұйықтап жатқан баланы жалғыз өзін қалдырмау керек. Себебі бала оянғанда терезеге қарай ұмтылуы мүмкін. Балалар терезені өз еркімен аша алмау үшін, терезелерге үнемі арнайы бекіткіштер орнатқан жөн. Егер балаңызға терезеге қарап бірнәрсе көрсетіп жатсаңыз, оны терезе алдына мінгізбеңіз, қолыңызда мұқият ұстап тұрыңыз. Өйткені баланың қимылы өте шалт, оқыс қимылмен кез келген уақытта терезеден ұшып кетуі мүмкін. Үйде осындай қарапайым ережелерді сақтай алсақ, балаларымыздың амандығын сақтаған боламыз. Бұл жайдан жай емес, осы уақытқа дейін кездескен оқыс жағдайларды бағамдай отырып, Төтенше жағдайлар комитеті мамандары тарапынан бекітілген арнайы ережелер.
Осы орайда айта кетер жайт, балалардың өмірін сақтау үшін жақында Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері көпбалалы отбасылардың терезелеріне блокираторлар, яғни терезені арнайы бекітетін құралдар орнатып берді. «Біз балалардың қауіпсіздігі үшін» акциясы аясында іске асқан бұл шаралар көп балалы отбасыларға тегін орнатылды. Мамандар «балалардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алу және балалардың терезеден құлап кетуіне жол бермеуде терезеге орнатылатын мұндай бекіткіштердің маңызы зор. Арнайы кабельді жіп терезелерді кеңінен ашуға мүмкіндік бермейді. Бұл құрылғыны пластикалық және ағаш терезелерге орнатуға болады. Желдету кезінде де өте қолайлы. Бұл тәсіл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді» дейді. Сондай-ақ осы акция аясында Төтенше Жағдайлар Департаменті қызметкерлері арнайы қорғау құрылғыларын орнатып қана қоймай көп балалы отбасыларға терезелерді ашу блокираторлардың маңызына қатысты ақпараттандыру жұмыстарын да жүргізді. Көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындар арасында терезелердің, балконның қауіпсіздігі туралы жаднамалар тарату жұмыстарын да жүргізіп, тұрмыстағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Астана полицейлері де кәсіпкерлермен бірлесе отырып, балаларды қорғау үшін терезе жүйесіне қорғаныш қондырғысын орнатуға қатысты жұмыстар жүргізуде. Өйткені тексеру көрсеткендей көпқабатты үйлердің көбінің терезелерінде темір тор жоқ. Бала терезеге шыққан күйі ұстанатын жер таппай, ары құлап кететін көрінеді. Қазір тұрғындардың жапа-тармағай орнатып жатқан пластик терезелері бала қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмайды. Біріншіден, мұндай терезелер есік сынды әйнегімен бірге ашылады, екіншіден, қауырсын торкөзі мықтап бекітілмеген. Торкөзге жақындаған бала оған сүйенемін деп тормен бірге төмен құлап кетеді. Сондықтан мамандардың айтуынша, мұндайда ең дұрысы бала терезеге шығып кетпейтіндей жағдай жасау керек.

Абзал Ералиев, Алматы облысы Төтенше Жағдайлар Департаменті қызметкері:
- Балалардың терезеден құлауын болдырмау үшін сақтық ережелерін қатаң сақтау керек.
- терезелерді ашық қалдырмаңыз;
- терезені тиісті қорғаусыз маса торларын пайдаланбаңыз, себебі бала алдында қандай да бір кедергіні көріп, оған сенімді түрде сүйеніп, салдарынан тіпті бір жастағы баланың салмағына есептелмеген тормен бірге құлап кетуі мүмкін;
- баланы қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе терезелер мен шыны есіктердің жанында;
- балаларға төсекке немесе терезелерге жақын орналасқан басқа жиһазға секіруге жол бермеңіз. Әдетте, биіктен құлаған балалардың өмірін сақтап қалу қиын. Өйткені, кішкентай балалардың басының көлемі ірі болады да, олар биіктен құлағанда басымен «ұшады». Қол-аяғы сынса оның жарасы жеңіл, басынан алған жарақат өміріне өте қауіпті. Біз күнделікті өмірде кездесіп жатқан қиындықтар болғаннан кейін тәжірибеде кездескен мәселелермен бөлісіп отырмыз. Статистикалық дерекке қарағанда, жазатайым оқиғалардың басым көпшілігі кәмелетке толмағандардың арасында болған. Балалар көбінесе жандарында үлкендер болмағанда немесе тиісті бақылау жүргізілмегенде қайғылы жағдайларға ұшырайды. Бұл жағдай қас-қағым сәтте орын алады. Терезенің шыбын-шіркейге қарсы орнатылған торына асыламын деп балалардың құлап кетуі жиілеп барады. Мүмкіндігінше терезенің жоғарғы жағын ашуға тырысыңыз не шалқайтып ашуға да болады. Бала терезені артық ашпастай етіп арнайы қысқыштар орнатыңыз. Терезеге темір тор орнатсаңыз, тіпті, жақсы.

Айта кетер жайт, 2019 жылы 2-ден 13 жасқа дейінгі балалардың терезеден құлаған 100-ден астам оқиға орын алған. Ал биыл жарты жылдың өзінде 75 баланың терезеден құлап кетуі балалардың карантиндік кезеңде үйде көп болуымен байланыстырылып отыр. Сондықтан балалар үлкендердің назарынан тыс қалмауы керек. Үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмаңыз, себебі назарыңызды бірнеше секундқа басқа жаққа аударсаңыз болғаны, ол бала өміріндегі соңғы сәтке айналуы немесе мүгедек болып қалуы мүмкін. Терезені тиісті қорғаусыз маса торларын пайдаланбаңыз. Себебі, бала алдында қандай да бір кедергіні көріп, оған сенімді түрде сүйеніп, салдарынан тіпті бір жастағы баланың салмағына есептелмеген тормен бірге құлап кетуі мүмкін. Осы ережелерді сақтау қайғылы оқиғаға жол бермеуге көмектеседі.
Айнаш ӘЛИЕВА, Алматы облыстық ауруханасының травматологы:
- Балалардың биіктен құлап кету оқиғалары жүректі ауыртады. Сондықтан карантин кезінде далаға шыққысы келіп терезеге ұмтылған балаларды мүмкіңдігінше терезеден аулақ ұстау керек. Бұл көпқабатты үйлерге қатысты. Балалар 12,5 см ашық тұрған терезеден құлап кетуі мүмкін. Сондықтан терезеге оның кең ашылуына жол бермейтін бекіту құрылғысын орнатыңыз. Балаларды үнемі бақылауда ұстау қажет. Терезедегі москит торлары өте әлсіз болады. Кейбір ата-аналар басқа бөлмеде отырып, баласы не істеп жатқанын білмейді. Жақында 7 айлық бала түсті, бөлімімізге. 7 айлық бала терезеден өзі барып құламайды. Қолынан түсіріп алған. Балаға мұқият болу керек. Себебі, олар өте жылдам қозғалады және қорқуды білмейді. Кішкентай баласы бар үйдің иелері терезесін ашып тастап кетпеуі тиіс. Сәби алаңсыздық танытып, бірер секундтың ішінде өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Шыбын-шіркейлерден қорғайтын арнайы торға сенуге болмайды, балалар оны итеріп, салмағымен бірге құлап кетуі мүмкін. Бала өздігінен терезені аша алмайтын арнайы қорғау жүйелерін орнату қажет. Статистикаға сүйенсек, қайғылы жағдайлардың көбісі ата-ананың қарауынсыз қалған үйлерде немесе ата-аналардың салғырт қарауынан болады.

Қуаныш ЕРМЕКОВА